Шардара теңіз жағалауында туризмді дамыту үшін 255 гектар жер бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардара теңіз жағалауында туризмді дамыту үшін 255 гектар жер бөлінді

31.07.2018

Түркістан облысындағы Шардара теңіз жағалауында туризмді дамыту  үшін 255 гектар жер бөлінді. Енді алдағы бірер жылда бұл аумаққа 60-тан астам демалыс орны салынады. Қазірдің өзінде мұнда саяхатшылар мен демалушылар үшін қара күзден бастап көктемге дейін балық аулап, аңшылықпен айналысуына, жағажайда футбол мен волейбол ойнауына жағдай жасалуда. Соның нәтижесінде жағажайдағы қызыл құмға қыздырынып, ала жаздай суға түсуге келетіндер саны жыл санап артып отыр. 

Алексей мен оның досының Шардарада тынығып жатқанына бір жетідей уақыт болды. Ресейдің Дон қаласынан келіпті. Теңіз жағалауында демалыс орны бар екенін Шымкенттегі таныстарынан естіп білген.

Алексей Жолов, турист /Ресей/:

- Бұл жер бізге керемет ұнады. Күн ерекше ыстық. Су дегеніңіз жылы, мөлдір әрі  тұнық. Өзге демалыс орындарынан ешбір кем емес. Келер жылы мүмкіндік болса демалуға тағы да келмекпіз. 

Теңізі тулап, шағаласы шулаған Шардарада былтыр осындай екі демалыс орны ашылды. Балық аулау, шомылу, атқа міну, ұлттық тағамдар әзірлейтін асханалар жүйесі. Қысқасы, мұнда жан қалауына керектің барлығы бар. Сондай-ақ, жағажай волейболы өрістеп келеді. Ал, жуырда желкенді қайық спорт мектебі ашылды.

Абай Сәкиев, су спорты мектебінің директоры:

- Шардара ауданында осы спорт түрімен 60 шақты ұл-қыздар дайындалып жатыр. Нәтижелері жаман емес.

Теңіз жағасындағы 255 гектар жерге қажетті инфрақұрылым жүргізу үшін қазынадан 35 миллион теңге бөлінді. Бұл жерге жеке инвесторлардың қаржысына 60-тан астам туристік нысан салынбақ.

Шардара ауданы бүгінде жағажайдағы демалыс орындарының қызметінен жылына 80 миллион теңге табыс тауып отыр. Қолға алынған жобалар толығымен жүзеге асса, туризмнен түсетін пайда 10  есеге артады. Ал бюджет кірісіндегі үлесі 10 пайызға жетеді. 

Сондай-ақ, саяхатшыларға қызмет көрсету саласында мыңнан астам адамға тұрақты жұмыс орны ашылмақ. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу