Мысырдың шипажайында инфекция жұқтырған қазақстандық азамат демалыс орнын сотқа бермек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мысырдың шипажайында инфекция жұқтырған қазақстандық азамат демалыс орнын сотқа бермек

29.01.2018

Демаламын деп дертке душар болған қазақстандық азамат енді Мысырдың шипажайын сотқа бермек. Ерлі-зайыпты Шарм-эш-Шейхқа барып, демалыстың үшінші күнінде-ақ аяқ астынан ауру жамап алады. Сенбі күні отандасымыз Сыртқы істер министрлігінің көмегімен елге жеткізіліп, қазір Астана қаласындағы №1 ауруханада жатыр. Бастапқыда «медуза шағып алды» деп диагноз қойылған науқастың қазіргі жағдайын Ардақ Мұратқызы білді.

Василенколар отбасы қаңтардың 12-де Мысырдың әйгілі демалыс орнына барып жайғасты. Үш күннен кейін 53 жастағы ер адамның аяғы күлдіреп ісіп, іріңді жара пайда болды. Мысырлық дәрігерлер бастапқыда «медуза шаққаннан болған күйік» деген диагноз қойған. Кейін астаналық мамандардың көмегімен ол диагноз теріске шығарылып, Олег Василенконың тілме инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Қазір қарағандылық азамат Астана ауруханасында емделіп жатыр.

Қазыбек Ағыбаев, №1 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі:

- Науқастың жағдайы орташа. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Терінің және теріішілік инфекциясы деген диагноз қойылған. Сол бойынша терапия жасалынды. Ешқандай хирургиялық емді қажет етпейді.

Шетелдің шипажайына барамын деп, ауру жамап алған әулет  - Қарағанды облысы Абай қаласының тұрғындары. Науқастың қызы Анжелика Мысыр клиникасында әкесін ұрып-соғып,  алғашқы дәрігерлік көмектің сапасыз көрсетілгенін айтып отыр. Енді отбасы Мысырдағы демалыс орнын сотқа беруді шешкен.

Анжелика Фараджева, зардап шеккен О.Василенконың қызы:

- Біздің консулымыз Қазақстан аумағында соттасу жағын қарап жатыр. Өйткені, әкем жақын арада Египетке ұшып бара алмайды. Ол жақтағы клиникада қолын майыстырып, ақша талап еткен. Дәрігерлер дұрыс қарамай, тіпті, дәрі-дәрмек бермеген. 5 күн дәлізде жатыпты. Тек анамның алып берген антибиотиктерін ғана ішіп, жан сақтады.

Енді демаламын деп дертке душар болған отандасымыздың ісімен заңгерлер айналыспақ. Ал, астаналық дәрігерлер науқастың бір аптаның ішінде аяғынан тұрып кетеріне сендіреді.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу