Алматыда коронавирус жұқтырған екі азамат анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда коронавирус жұқтырған екі азамат анықталды

13.03.2020

Қазақстанда коронавирус ақыры анықталды. Германиядан Алматыға оралған екі азаматымыздан инфекция табылды. Бүгін Денсаулық сақтау министрі арнайы брифинг өткізіп жан-жақты түсініктеме берді.

Коронавирусты жұқтырған адамның екеуі де Қазақстан азаматы және екеуі де Германиядан оралған. Алғашқы науқас наурыздың тоғызы күні келіпті. Бірнеше тексеруден кейін инфекция табылған. Бірақ клиникалық белгілері жоқ, яғни ауруы асқынбаған.

Айта кетерлігі, науқастан вирус белгілері бірден анықталмаған. Сол себепті вирус жұқтырған адаммен бірге ұшып келген 73 жолаушы үйлеріне кетіп үлгерген. «Қазір сол 73 жолаушы түгелдей іздестірілуде, олардың аты-жөндері белгілі,- деді министр.

Вирус жұқтырған екінші адам кеше түнде ішінде 12 жолаушысы бар бортпен келіпті. Дәрігерлер коронавирус анықталған бетте жедел стационарлық карантинге жатқызылған. Сондай-ақ, науқастар жатқан медициналық мекеме де карантинге алынған.

Вирус жұқтырған екі адамның біреуі 1974 жылғы ер адам, екіншісі 1984 жылғы азамат. Германияға қандай мақсатпен барғандары әзірге белгісіз. Осы ретте Денсаулық сақтау министрі халыққа «қаттың алаңдауға негіз жоқ, аурудың алдын алуға және одан әрі таралмауына барлық мүмкіндік бар»,- деді.  

Сондай-ақ Елжан Біртанов министрлік таратқан ресми ақпараттарға ғана сену керектігін ескертті.

Ербол МӘНДІБЕК


Хабарламаларға жазылу