Кәсіпкерлік жаңа белеске көтеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кәсіпкерлік жаңа белеске көтеріледі

15.03.2014
Кәсіпкерлік жаңа белеске көтеріледі
Орта және шағын бизнестің бәсекесі босаңсымауы керек. Мемлекет қолдауымен кәсібін ашқан немесе кеңейткен азаматтардың қайтарымы да мол. Бұл - жетісулық кәсіпкерлердің іс жүзінде дәлелдеген ой түйіні.
 
Сондықтанда олар шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бір триллион теңге бөлу жөніндегі жаңалықты қуана қарсы алды.
 
Жанатбек Сарғалдақовтың наубайхана бизнесінде жүргеніне 15 жыл. Ас атасы нан десек, халық сұранысындағы негізгі азықтың сапасы басты назарда. Ал сапа шығынсыз болмайды.
 
Сондықтан ол «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен түркиялық жаңа желіні сатып алып іске қосты. Тәулігіне 3-4 мың бөлке нан шығарады. Қарамағында15 адам жұмыс істейді.
 
Ғалия Кәрімова, наубайшы:
Өткен жылдарға қарағанда кейінгі 2-3 жыл болды жаңа наубайхана, жаңа технология келді. Сұраныс жақсы. Халықтың көңілінен шығамыз деп ойлаймын.
 
Нан өндірісінен бөлек кәсіпкердің бірнеше сауда желісі бар. Өңірлік тұрақтандыру қорымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті де халыққа ұсынып отыр. Бір кәсібі екіншісіне сеп болғанның арқасында жұмысы жүйелі жүріп жатыр.
 
Бірақ, бизнестің қай түрі болмасын мемлекет қолдауына зәру екендігін мойындамасқа шарасы жоқ. Елбасының Үкімет отырысындағы тапсырмасы кәсіпкерлік саласын биік белестерге көтеретіні даусыз екенін екінің бірі түйсініп отыр.
 
Жанатбек Сарғалдақов, кәсіпкер:
Үкімет қолдаса, менің ойымша шағын және орта бизнестен Үкіметке түсетін пайда 50-60 пайызға жетеді деген ойым бар. Пайда болғанда ол салық ретінде жүреді.
 
Бүгінде наубайханадағы нан бағасы - 43 теңге. Ал дүкендерде 45-50 теңгеден сатылуда. Баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлер де біраз тәуекелге барады. Сондықтан мемлекет қолдауы ауадай қажет.
 
 
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу