Оралдағы өндіріс орындары жалақыны көтерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралдағы өндіріс орындары жалақыны көтерді

15.03.2014
Оралдағы өндіріс орындары жалақыны көтерді

Мемлекет басшысы 1 сәуірден бастап меншік иесіне қарамастан барлық кәсіпорын, мекемелерде жалақыны 10 пайызға өсіру қажеттігін қадап айтқан болатын. Бұл ұсыныс батысқазақстандық жұмыс берушілер тарапынан қызу қолдау табуда.

 
Өңірдегі 7 ірі кәсіпорын өз қызметкерлерінің жалақысын өсіруге шешім қабылдады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінген бұл кәсіпкерлердің бастамалары өзгелерге үлгі.
 
Василий Бочковтың Зенит зауытында жұмыс істегеніне 5 жылдан асты. Бүгінде ол өндіріс шебері. Кеме жасаудың қыр-сырын меңгерген маман. Мемлекет қауіпсіздігін нығайтуға қызмет етіп жүрген кемелерде еңбек үлесінің бар екенін мақтан етеді.
 
Наурыздан бастап зауыт қызметкерлерінің жалақысын 10 пайызға өсіру жөніндегі шешімді еңбек адамына деген қамқорлық, деп бағалайды.
 
Василий Бочков, өндіріс шебері: 
Басшылықтың қабылдаған шешіміне жұмысшылар риза. Әлеуметтік қолдау мен қамқорлық еңбек өнімділігін арттыруға зор ықпал етеді.
 
Осы кезге дейін 20 кемені жасап шығарған зауыт биыл тағы екі катерді суға түсірмек. Өндіріс орнында 945 адам еңбек етеді. Зауыт жұмысшыларына көтерме сыйақылар мен сауықтыру шараларына жолдамалар беріледі.
 
2013 жылы «Парыз» байқауында әлеуметтік жауапкершілігі жоғары,  деп танылған кәсіпорын бұл жолы да бастамасымен дараланды.
 
Вячеслав Валиев, «Зенит» Орал зауыты» АҚ бас директоры:
Ақпан айында Мемлекет басшысы барлық жұмыс берушілердің өз қызметкерлеріне жалақыны көтерулері қажеттігін айтты. Біз бұл ұсынысты қолдап, 1 наурыздан бастап жұмысшылардың еңбекақысын көтердік. Бұрыннан бар әлеуметтік пакеттер сол қалпында қала бермек.
 
Бірқатар өндіріс орындары жалақыны 1 наурыздан өсірсе, өзгелері 1 сәуірден 10 пайызға көтеруді жоспарлауда. Олардың қатарында Орал механикалық және «Омега» зауыттары, «Юнисерв», «ҚазТрубПром» серіктестіктері бар. Өңірдегі 7 ірі кәсіпорын басшылары қолдаған әлеуметтік бастаманың нәтижесінде 3 мыңдай адамның еңбекақысы өседі, деп болжанып отыр.  
 
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу