Ордабасы ауданында кірпіш зауыты іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ордабасы ауданында кірпіш зауыты іске қосылды

14.03.2014
Ордабасы ауданында кірпіш  зауыты іске қосылды

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданында кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды. Жаңа өндіріс орнында жылына 25 миллион дана кірпіш шығарылады. Зауыт қысы-жазы өнім шығаратын технологияға негізделген. Жергілікті тұрғындар да жұмыспен қамтылды.

 
Индустрияландыру картасы шеңберінде жүзеге асқан зауыттың жалпы құны 527 миллион теңге. Бюджеттен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында
140 миллион теңге қаржы бөлініп, инфрақұрылым тартылған.
 
Жылдың төрт мезгілінде тоқтаусыз жұмыс істейтін заманауи технологияға негізделген   зауытта кірпіштің үш түрі шығарылады. Оның өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. 
 
Нұралы Әбішев, кәсіпорын директоры:
Барлық жұмыстар автоматтандырылған. Тағы да бір ерекшелігі, маркасы 125-тен жоғары  болады.
 
Қондырғы Малайзия мен Қытайдікі болғанымен, технология өз мамандарымыздікі. Олар шығарған сапалы өнімнің бағасы 35 теңге төңірегінде белгіленеді.
 
Толығымен автоматтандырылған зауыт өндірісте пайда болған қалдықтарды қайта өңдейді. Қысқасы, кәсіпорын ешбір қалдықсыз, қоршаған ортаға зиян келтірмей   жұмыс істейді.
 
Сапарбек Тұяқбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:
Индустрияландыру картасына біз 7 қыш зауытын енгізген болатынбыз. Қазіргі таңда оның үшеуі іске қосылды. Жалпы, осы өндіріс орындарында 100 миллион данадан астам қыш өндіріледі.
 
Жаңа зауытта өндірілген отандық өнім нарықтағы өзге кірпіштен арзан болады. Себебі, мұнда қол еңбегін толығымен техника атқарады. 30 жылға жететін шикізат қоры бар кәсіпорын кез келген бәсекеге төтеп беруге дайын, дейді басшылары.
 
Осылайша, 7 қыш зауытын іске қосуды жоспарлаған оңтүстік өңірі бірер жылда көрші облыстарды отандық өніммен қамтамасыз етуді көздеп отыр. 
 
Нұрлан ӘЛІМБАЕВ

Хабарламаларға жазылу