Оралда жалғызілікті әке 5 баланы өзі бағып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда жалғызілікті әке 5 баланы өзі бағып отыр

16.01.2018

Балалардың анасы бауыр еті балапандарын жыл жарым уақыт бұрын тастап кеткен. Безбүйрек шеше әлі күнге дейін алимент төлемей қашып жүр. Жақында сот орындаушылары оған айыппұл салды. Ал, «балаларым – байлығым» деп жанұшырған жалғызілікті әкенің арманы - ұл-қызын ел-қатарлы тәрбиелеу. Батыр әкемен өңірдегі тілшіміз Ардақ Мұратқызы тілдесіп қайтты.

Сержан Мұқанов ауылдан қалаға екі жыл бұрын көшіп келді. Жер алып, қорадағы соңғы малын сатып, үй салды. Әйелі 2016 жылдың жазында отбасын тастап, өзгенің жетегінде кете барған. Бес баланың ең үлкені Ару - 16-да, ең кішісі Әйгерім - 3-те. Әкенің қолында алаңсыз ұйықтап жатқан ол анасынан 1,5 жасында қалған.

Сержан Мұқанов, жалғызілікті әке:

- 2016 жылдан бері өзіміз тұрып жатырмыз. Бұларды мен ешкімге де бермеймін. Бұлар үшін жаным пида.

Сержан үйіне жақын маңда жұмыс істейді. Күзетші. 35 мың теңге табыс табады. Жалақысы көп жұмыс істер едім, балаларыма кім бас-көз болады деп қамығады. Ұл-қызы үшін 20 мың теңге жәрдемақы алады. Тауқымет кешкен отбасына көрші-қолаң мен қоғамдық ұйымдар арагідік  қолұшын береді. Ал, балаларынан бас тартқан әйел алимент төлеуден жалтарып жүр. «Оралда тұрады, еш жерде жұмыс істемейді, атында мүлкі жоқ», - дейді сот орындаушылары.

Жандос Саматов, БҚО Жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы:

- Борышкерге әкімшілік хаттама толтырылып, 15 мың теңгедей айыппұл салынды. Қаңтар айында жеке сот орындаушы құқық қорғау органдарына алимент төлемеу жөнінде ҚР ҚК 194-бабына сәйкес іс қозғауға материалдар жіберді. Қазіргі таңда алимент бойынша 300 мыңнан аса қарызы болып тұр.  

Ал, жалғызілікті әке «балапандарым еш нәрседен тарықпаса екен», дейді. Балалардың қамқор әкеге деген құрметі ерек.

Сұлтан Құрашев, 4-сынып оқушысы:

- Өскенде өрт сөндіруші болғым келеді. Сосын ақша тауып, әкемді бағамын.

Әселім Құрашева, 1-сынып оқушысы:

- Сабағымды оқимын, бөпені бағамын. Түсте ұйықтатамын.

Ананың аялы алақанын ештеңе алмастыра алмайды. Десе де, «анасы өкпелеткен балаларды енді өмір өксітпесе екен», - дейді қамқор әке.

Сержан Мұқановтың отбасына көмектесемін дейтін азаматтар болса, 87054634970 телефон нөміріне хабарласуына болады.

 

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу