Қапшағай қаласында із-түзсіз жоғалып кеткен балықшылар іздестіріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қапшағай қаласында із-түзсіз жоғалып кеткен балықшылар іздестіріліп жатыр

10.01.2018

Алматы облысының Қапшағай қаласында осыдан 16 күн бұрын балық аулауға шыққан 4 адам із-түзсіз жоғалған еді. Алайда, арада екі апта өтсе де олардың денелері әлі күнге дейін табылмай отыр. Құтқарушылар балықшылар суға батқан деп көлге түсіп, іздегенімен еш нәтиже жоқ. Ал, туғандары болса, оларды бәзбіреулер зорлықпен қамауда ұстап отыр деген дәйек келтіріп, полицияға арызданды.

Ұлан Түткенбаев пен Азамат Ахмолдиннің отбасы із-түзсіз кеткен жақындарынан үміт үзбей отыр. Өткен желтоқсан айының 24-і күні кешкі 17:36-да үйден шығып кеткен. Олардан еш хабар-ошар жоқ. Сорбұлаққа Азамат және Ұланмен бірге барған тағы екі адам да ұшты-күйлі жоғалды.

Куәгер адамдар туыстарына Азамат пен Ұланды соңғы рет қай жерден көргендерін екі түрлі жеткізген. Алайда, Іле ауданының Ішкі істер басқармасына берілген арыз бойынша тергеушіге олар бірдей ақпарат берген. Ал, жоғалғандардың жақындары кесіп айтпаса да, бауырларын көргендердің бір жасырғаны бар деп күдіктеніп отыр. Бірақ, құтқарушылар «көлге түсіп, іздедік. Десек те, денелерін таппадық», - деді.

Марат Битанов, облыстық ТЖД жедел құтқару бөлімінің жетекшісі:

 - Оқиғаның нақты куәгерлері жоқ. Бірақ, бір анықтай алғанымыз олар Сорбұлаққа жеке көлікпен келген. Яғни, машина жалдап жеткен. Балық аулау үшін келген болулары керек. Олар қайықты суға түсірген жерден шамамен анықтап, құтқарушылар іздестіруді бастады.  Барлық жерді тінтіп шыққанмен, еш нәтиже әзірге жоқ.

Жалпы, Сорбұлақта осылайша күнкөріс қамымен балық аулаймыз, деп кетіп, оралмаған адам аз емес. Тура бір ай бұрын қапшағайлық Максим Вебер, Николай Кригер есімді екі балықшы ізім-қайым жоғалған. Олардың да денелері табылмапты.

Анна Мерзлякова, облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілі:

- Екі балықшының із-түзсіз жоғалғаны туралы арыз 26 желтоқсан күні Іле ауданының Ішкі істер басқармасына түсіп тіркелген. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша іздеу жұмыстары жалғасуда.

Жоғалған балықшылардың жақындары құзырлы органнан бөлек, амалы құрыған соң бақсы-балгерлердің де көмегіне жүгініпті. Бірақ, олардан мүлдем қайыр болмапты. Туғандарының көздері жаутаңдап, атпалдай азаматтары кіріп келердей күнде есікке телмірумен отыр.

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу