Алматы облысының құс шаруашылықтары биыл 980 млн дана жұмыртқа өндірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының құс шаруашылықтары биыл 980 млн дана жұмыртқа өндірді

29.12.2017

Ал, құс саны 9 млн-нан асқан. Өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Демек, тарих қойнауына еніп бара жатқан тауық жылы осы саладағы еңбеккерлер үшін сәтті аяқталып келеді. Тауық асырап табыс тауып, аймақтағы жұмыртқаның үштен бір бөлігін өндіріп отырған кәсіпорындардың бірінде өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы болып қайтты.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Біз қазір Қазақстандағы ең үлкен тауық қорадамыз. 12 деңгейлі заманауи кешенге 140 мың құс сияды. Ал, менің қолымда немістің ломанн тұқымды тауығы. Бұл тауық жылына 300-320 рет жұмыртқалайды.

Биыл салынған әмбебап тауық қорада небәрі екі-ақ адам жұмыс істейді. Ал, құс фабрикасында барлығы 400-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Олардың басым бөлігі жұмыртқа сұрыптауға  жұмылдырылған.

20 жылға жуық кәсіпорында тапжылмай еңбек етіп келе жатқан Ләззат Шыңғаева осы құстың арқасында жан бағып, нәпақа тауып отыр.

Ләззат Шыңғаева, жұмыртқа сұрыптаушы:

- Тауық жылы бізге өте табысты болды. Бір ерекшелігі біздің жұмыртқалар өте үлкен категориямен жүреді.

Кәсіпорын 20 жылда өнім көлемін 7 есе арттырды. Қазір жылына 360 млн. дана жұмыртқа өндіреді. Биыл Ауғанстан нарығына экспорттады. Ал, Тәжікстанға тауықтың шөжелерін жөнелтіп отыр. Фабрика келер жылы құстың биологиялық қалдықтарын да өңдеп, саудаға шығармақ.

Константин Шин, серіктестіктің бас директоры:  

- Биологиялық қалдықтарды өңдейтін қондырғының монтаж жұмыстары аяқталуда. Біз тауық нәжісінен гумминді тыңайтқыштар өндіреміз. Ондай тыңайтқыштар қазір дүниежүзінде сұранысқа ие. Жүйені іске қоссақ топырақты, ауаны ластамайтын боламыз. Экологиялық алым-салық төлемейміз.

Сала мамандары келер жылы да қарқынды еселей түспек. Фабрика өнімін еліміздің өзге де облыстарына жеткізу жоспарда.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу