Алматы облысында тұрғындар жаппай кооперативтерге біріге бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында тұрғындар жаппай кооперативтерге біріге бастады

27.12.2017

Биыл өңірде ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 2 млрд. теңгеге жуық жеңілдетілген несие берілді. Нәтижесінде «Ырыс», «Береке» және «Ынтымақ» бағдарламалары аясында 700-дей адам өзін-өзі жұмыспен қамтыды.

Бүгінде тұрақты жұмыс табу қиынға соғатын Суықсай, Арасан сияқты шалғай елді мекендердің тұрғындары кооператив құрып, ортақ іске жұмылып жатыр. Олардың қатарында алты баланың әкесі Бекен Ақылтай да бар. Жеңілдетілген несиеге мал алды, азығын реттеді. Енді балаларын еңбекке баулып, табыс тауып жан бағуда.

Бекен Ақылтай, ауыл тұрғыны:

- Бір бас малымыз болмаған. Міне, мал алып жатырмыз. Осыдан ары қарай тағы дамытсақ деген ниетіміз бар. Енді осының сүтін өткізсек, деген арманымыз бар.

Ақсу ауданының екі ауылына ортақ сүт жинайтын кооператив ашылып, оған 35 отбасы мүше болды. Қазір әрқайсының қорасында кемінде 4-5 сиырдан. Кооператив сүтті жинап, ірі сүт өндіруші компанияларға өткізеді. Сүт зауыттары ауылдағы ағайындарды салқындатқыш ыдыстармен қамтамасыз еткен.

Шыңғыс Нүсіпов, кооператив төрағасы:

- Ал енді алдағы мақсатымыз - сүтті ғана өткізу емес. Өзіміздің ауылға цехтар қойып, өз сүтімізге қайта өңдеу жасап, сүзбе, қаймағымызды, йогуртымызды шығарамыз деген алдымызға қойған жоспарларымыз бар.

Нұрлан Нығметов, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Алматы облысы бойынша кооперативтердің 677 мүшесі 1 млрд. 900 млн. теңге несие алды. Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры несиені төмен 6 пайызбен береді 7 жылға дейін.

Кооперативке мүше болғысы келетін ауыл тұрғындары әлі де көп. Биыл үлгермегендер құжат жинап, келер жылы құрылымға бірікпек.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу