«Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуы тиіс», деген Елбасы биылғы Жолдауында.
Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындар «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Мысалы, Өскемендегі сүт өнімдерін шығаратын зауыттардың бірі қаржылай қолдаудың арқасында техникалық қуатын арттырып, өнім түрлерін көбейтеді.
Бұл - Шығыс Қазақстанның бас шаһары Өскеменде сүт өнімдерін шығаратын ең ірі кәсіпорынның бірі.
Мұнда күніне 75 тоннаға дейін шикі сүт қайта өңделіп, одан өнімнің 50-ден астам түрі дайындалады. Жақын арада зауытта жаңа инвестициялық жоба жүзеге асып, цехтарда бірнеше заманауи қондырғылар қойылады.
Анна Никифорова-Аберле, кәсіпорын басшысы:
Жаңа қондырғылар барлық өнімнің қаптамасын өзгертуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тауардың сапасын арттырып, оларды тасымалдау кезінде сақтау мерзімінің ұлғаюына оң әсер етеді.
Өнімнің қаптамасынан бөлек, кәсіпорынның өндіріс қуаты да артады. «Инвестициялық жоба толық жүзеге асқанда, зауыт күніне 100 тонна шикі сүтті қайта өңдеуге қабілетті болады», дейді мұндағы мамандар.
Нұржан Садықов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиал директорының орынбасары:
Қаржыландыру шарттары, несиені беру уақыты және оны төлеу кестесінде әрбір кәсіпорынның мүмкіндігі қатаң ескеріледі. Несиенің сыйақы мөлшері де жоғары болмайды. Өйткені, біздің мақсатымыз - осындай ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін компанияларға несие беріп, олардың одан ары дамуына ықпал ету.
Кәсіпорын басшыларының айтуынша, мемлекеттің қаржылай қолдауы олардың жұмысына тың серпін береді. Олар болашақта өнімдерін Шығыс Қазақстан өңірімен көршілес орналасқан Ресейдің Алтай өлкесіне де экспорттауды жоспарлап отыр.
Берік КӨШЕРБАЕВ