Жезқазған қаласының тұрғыны үш ғасырлық тарихы бар қобызды сақтап келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазған қаласының тұрғыны үш ғасырлық тарихы бар қобызды сақтап келеді

25.12.2017

Бұл - бақсылығымен, дәулескер күйшілігімен ел аузында аңыз болып тараған атақты Досымбай Итемгенұлынан қалған қобыз. Көненің көзіндей болған жәдігерді саф күйінде осы әулеттің келіні Зипан Досымбаева ұрпақтарына  мұра етіп жеткізіп отыр.

Ескіше біраз отырып, танысып-біліскен соң барып әжей ақ матаға оралған қобызды көрсетті. Жиде ағашынан тұтас шабылып жасалған көне аспап жақсы сақталған. Аттың жалынан керіп таққан еспесі, ысқышы, бетіне жабылған терісі, айнала бекіткен темір қапсырмасы бәз-баяғы қалпында. Ал аспапта айнаның, құлақ бұрауы тұсында  ерекше ірі шолпылардың болуы бұл жай емес, ерекше қобыз екенін бірден аңғартады. Осынау құнды жәдігерді 19-шы ғасырда өмір сүрген Досымбай бақсы Сыр бойындағы Баржығұл деген шеберге жасатқан. Кейін немересі Жұмаділдәға атаған.

Жұмаділдә қарттан қобыз баласы Дастанбекке өткен. Ері өмірден озып кетсе де әулеттің келіні Зипан әжей көне аспапты кие тұтып, көзінің қарашығындай сақтаған. 1973 жылы қазақ даласында аңыз болып тараған соңғы бақсылардың бірі Досымбайдың қобызы бар екенін естіп Ленинградтан орыс зерттеушілері келіпті. Алайда, ұрпақтары өзгенің қолына табыстап жіберуге қимапты.

Ғабдол Әуезов, тарихшы, археолог:

- Досымбайдың өзінің киесі бар деп айтылады халықтың арасында. Сол себептермен мұражайға өткізбеуі әбден мүмкін. Қобыз белгілі бір ерекшеліктермен жасалған.

Ұлытау бойында қобыздың қоңыр үнін күңіренткен Досымбай бақсы кешегі Қорқыт бабадан, Қойлыбай күйшіден қалған дәстүрлі өнерді жалғастырушы. Кезінде қобыз ойнау өнерін шашау шығармай бізге жеткізген тарихи тұлғалардың бірі -  осы Досымбай екені ақиқат. «Оның әлі күнге аңыз бейнесі зерттеуді қажет етеді», -дейді тарихшылар. Ал көне қобыз Досымбай бақсыға қатысты ашылған алғашқы жаңалық.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу