Жезқазған жұрты ауыз судан тапшылық көріп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазған жұрты ауыз судан тапшылық көріп отыр

25.12.2020

Жезқазған қаласының тұрғындары ауыз судан таршылық көріп отыр. Тұтас бір шағын аудандағы құбыр жүйесі 5 жыл бұрын ауыстырылғанмен, су күнара болмайды. Ал жергілікті билік әу баста жоба дұрыс жасалмаған, мәселені түбегейлі шешу үшін су жүйесіне толық зерттеу жүргізу керек дейді. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы тұрғындармен кездесті. 

Соңғы үш жылдан бері аудан тұрғындары ауыз судың азабын тартып келеді. Кейде ескертусіз суды кез-келген уақытта тоқтатады. Ал бірнеше сағаттан соң берген кезде құбырдан ішуге келмейтін лай су ағады.

Рахат Алтынбекова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Кейде естімей қаламыз тоқтататындарын, аяқ астынан сөндіре салады. Құбыр жарылды деп. Басында қиналып қалдық, қазір су алып қоюға үйрендік. 

Тұрғындар судың жиі тоқтауын мердігерлердің шала жұмысынан деп топшылайды. Себебі осыдан 5 жыл бұрын әбден тозған темір құбырлар пластикке ауыстырылған. Сол кезде технология дұрыс сақталмаған дейді жергілікті жұрт. 

Болат Балапанов, Жезқазған қаласының тұрғыны:
Құдайдың құтты күні өшіреді де жатады. Барлық жер жарылып жатыр. Бұлардан мен көмгенді көрдім. 

Әу баста су тарту жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Жоба шикі. Мәселен, Бекболат сай ауданының жоғарғы жағында орналасқан үйлерге су жетпей жатса, төмендегі құбырда қысым жоғарылап, жарылып жатады. Оның үстіне бір жерде ақау шықса, суды тұтас ауданда тоқтатуға тура келеді екен. 

Қайрат Әбсаттаров, Жезқазған қаласының әкімі:
Бұл мәселені түпкілікті шешу - біздің мақсатымыз. Бір ақаудан соң бір ақауды жөндеу - ол бітпестің күйі ғой, былай қарағанда. Сондықтан оның барлығын біз зерттеп алып, сосын жоспарлы түрде, жүйелі түрде қайтадан орнына келтіреміз деген үмітіміз бар. 

Қазір кәсіби мамандардан құрылған арнайы жұмыс тобы аудандағы су жүйесінің жобасын қайта қарап жатыр. Түбегейлі зерттеген соң, құрылыс жұмыстары тек келер жылдың жазында басталмақ. 

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу