КТК Жоғарғы лигасын жеңіп алған «Спарта Номад» Астанаға оралды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

КТК Жоғарғы лигасын жеңіп алған «Спарта Номад» Астанаға оралды

20.12.2017

Жақында ғана Көңілді тапқырлар клубы Жоғарғы лигасын жеңіп алған «Спарта Номад» командасы бүгін Астанаға оралды. Шешуші ойында Ресейдің төрт бірдей командасынан ұпай саны бойынша озып шыққан «спарталықтар» тарихта тұңғыш рет бас бәйгені Қазақстанға әкелді.

Таңғы бестен бастап Астана әуежайын торуылдаған жанкүйерлер осы қуанышты сәтті 17 жыл күтті. 1999 жылдан бері Көңілді тапқырлар клубында өнер көрсеткен отандастарымыз әр жылда әр түрлі құраммен, қандай бағдарламамен барса да, бас бәйгені алған емес, алайда, биыл әзілі мен қалың жұрттың көңілінен шыққан «Астана Номад» командасы Жоғарғы лиганың чемпионы атанды.

Асхат Оралов, қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:

- Жастарымызды қолдау мақсатында осындай іс-шара ұйымдастырып отырмыз. Елорданың жүзден астам жалынды жастары келіп, біздің жас батырларымызды күтуде. Тәуелсіздік күніне орай үлкен сыйлық деп есептеуге болады.

Мәскеуде өткен финалдық сында отандастарымыздың басты бәсекелесі Ярославль қаласының «Радио Свобода» командасы болды. Ресейліктер алғашқы үш кезеңде ұпай саны бойынша алда болған. Алайда, сындарлы сәтте сыр бермеген жігіттер тек шешуші турда бар талантын ортаға салыпты.

Данияр Жұмаділов, «Спарта Номад» командасының капитаны:

- Негізі Александр Масляков «мен негізі «Радио Свободаға» жанкүйер болдым» деп айтты. Сондықтан, өте қиын болды. Шыны керек мойындаттық. Бес команданың ішінде екінші болдық. Есте қалу оңай емес, сонда да алып кеттік.

Жоғарғы лигада өткен тартысты бәсекенің толық нұсқасы эфирге 30-желтоқсанда шығарылады.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу