Еліміздегі кітапханалардың 83 пайызының ғимараты апатты жағдайда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі кітапханалардың 83 пайызының ғимараты апатты жағдайда

08.12.2017

Тек 2 пайызының жеке сайты бар. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 321 кітапхананың 36 пайызы ғана компьютермен жабдықталған. Ал, аудандық кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайтып, кітап қорын жаңалау үшін мемлекеттен мүлдем қаржы бөлінбей қойған.

«Кітап – алтын қазына». Соңғы уақытта бұл мақалдың мәні кетіп, қазынаның жаңартылмай келе жатқанын оқырман білсе, билік білмейді. Мамлют аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне 14 ауылдық және бір балалар кітапханасы кіреді. Олардың қорында 156 мың кітап бар.

Сұлтан Мамытов, оқырман:

- Кітапхана қорлары ескі, заманауи жазушылардың туындылары жоқ. Электрондық кітаптардың да қатары аз. Егер де жаңа туындылар, жаңа кітаптар келсе, оқуға қызық болатын еді.

Аудан бойынша істеп тұрған 16 кітапхананың екеуінің ғана жеке сайты бар. Тек төртеуіне компьютер қойылған. Қалғанының материалдық-техникалық базасы ескіргелі қашан. Соған қарамастан, биыл бюджеттен бір тиын қаражат бөлінбеген.

Ғалия Хамзина, Мамлют аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры:

- 2016 жылғы бюджетіміз 1 млн. теңге ғана. Мұны аудандағы 16 кітапханаға бөліңіз. Оған біз балалар әдебиетін алып тараттық. Бұл өте аз. Ал, биыл мүлдем қаржы бөлінген жоқ. Барлық құрал-жабдықтарымыз бен техникамыз ескі. Осы уақытта келесі жылдың газет баспасына жазылуымыз керек еді, оған да ақша жоқ. Енді қызметкерлердің үйіне жазылған газет-журналдарды кітапханаға тасимыз. Өйткені, бізге оқырман керек.

Жергілікті билік келер жылдың бюджетінде бұл мәселе қарастырылған дегенді алға тартты. «Тіпті, бір ауылда кітапхана ашамыз, ғимарат дайын, жаңа кітаптар алуға 3 млн. теңге жоспарлап отырмыз», - дейді.

Алмагүл Рамазанова, Мамлют ауданы әкімінің орынбасары:

- Желтоқсан айында сессия мәслихаты өтеді, сонда ақша бөлінетін болады. 12 компьютер, жаңадан кітаптар, стеллаждар алынады. Михайловка деген ауылда жаңа кітапхана ашылады.

Ал, әзірге мамандар жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, барлық кітапханалардың газет-журналға жазылуын демеушілердің көмегі арқылы жүзеге асырмақ.

 

Самат САПАРАЛЫ

Хабарламаларға жазылу