Фосфор зауыты өнімі бірнеше елге экспортталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Фосфор зауыты өнімі бірнеше елге экспортталады

06.03.2014
Фосфор зауыты өнімі бірнеше елге экспортталады

Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» ЖШС-ы еліміздегі химия өнеркәсібінің алыбы саналады. Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы экономикалық ықпалдастық  кәсіпорынның тауар айналымын ұлғайтуға мейілінше жағдай жасады. Кедендегі кедергілер алынып тасталғандықтан бүгінде бұл елдермен алыс-беріс емін-еркін.

 
Соның арқасында соңғы бір жылда ғана  зауыт Рессейге  құны 85 миллион АҚШ доллары болатын дайын өнім жөнелткен. Есесіне көршілерімізден 50 миллион доллардан астам қаржыға кокс, аммиак, сода, құрал-жабдықтар және қосалқы бөлшектер сатып алған. Ал биыл бұл көрсеткіш едәуір артады.
 
Бүгінгі таңда зауыт өнімінің 93 пайызы шетелге экспортталады. Ол негізінен тамақ, целлюлоза, құрылыс материалдары, тұрмыстық химия өнеркәсібінде пайдаланылады. Сондықтан өтімділігі жоғары, сұранысқа ие өнім.
 
Абсамат Керімбаев, зауыттың бас инженері:
Өткен екі жылда Ресей мен Беларусь елдеріне жалпы құны 143 миллион доллардан астам өнімімізді саттық, жөнелттік. Биылғы екі айдың ішінде 7 миллион доллардан астам өнім өткіздік.
 
Озық әрі тиімді әдісі амалдардың арқасында зауыт өнімінің сапасы анағұрлым жақсарып отыр. Кәсіпорынның әлемдік нарықтағы бәсекелестік қабілеті артты.
 
Ғани Қалмаханов, тілші:
Жаңа технология енгізген орынның бірі - сары фосфорды түпкілікті өңдеу цехы. Мұнда белсендіргіш көміртегін қосу арқылы фосфорды органикалық қалдықтардан арылтады. Әзірге мұнда айына мың тоннадан астам осындай дайын өнім шығып жатыр. Мұндай жаңашылдықты зауыттың инженерлік тобы өздері ойлап тапқан.
 
Сапаны арттыру бағытындағы ізденіс әлі де жалғасып жатыр. Қазір инженелер фосфорды күшәладан бөліп алудың әдістерін сынақтан өткізуде.
 
Нұрбол Тұрымбетов, зауыттың өндірісті дайындау инженері:  
Мышьякті қондырғы тазалағаннан кейін фосфордың сапасын арттырады. Бәсекеге қабілетті зат қылып шығарады. Тәжірибені аяқтап қалдық. Ағымдағы жылы өндірістік деңгейге шығарамыз деп жоспарлап отырмыз.
 
Зауыт былтыр жылына 600 мың тоннаға дейін күкірт қышқылын шығаратын цехты да іске қосты. Минералды тыңайтқыштар құрамының үштен бірін құрайтын бұл өнім бұған дейін өзге жақтан қымбатқа сатып алынатын. Шикізат қазір зауытқа екі еседей арзанға түсіп отыр. Бұл дайын өнімінің өзіндік құнын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді.
 
 
Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу