Ұлтаралық және дінаралық татулық мәселесінде Қазақстан мен Ресей тәжірибе алмасатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлтаралық және дінаралық татулық мәселесінде Қазақстан мен Ресей тәжірибе алмасатын болды

28.11.2017

Мәскеуде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ресейдің Ұлт істері жөніндегі федералды агенттігі арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандум бекіді. Құжатқа Ассамблея төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай мен ресейлік ведомство жетекшісі Игорь Баринов қол қойды. Кездесу кезінде этносаралық қарым-қатынас саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді жүргізудің жолдары талқыланды. Басқосуда Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай еліміздегі тұрақтылық пен бірлік жайлы және рухани жаңғыру бағдарламасы аясында қолға алынған істер туралы әңгімелеп берді. Ал, Игорь Баринов Ресейдегі ұлттық саясаттың қалай іске асып жатқаны жөнінде хабардар етті. 

Дархан Мыңбай, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі:

- Этносаралық қатынас, ұлттық бірлік деген мәселенің көкейкестілігі жылдан-жылға артып келеді. Меморандум аясында біз осы мәселені зерттеу, тәжірибе алмасу және басқа да көптеген іс-шараларды жүргізу бойынша келісімге келдік.

Игорь Баринов, РФ Ұлт істері жөніндегі федералды агенттігінің жетекшісі:

- Бүгінгі келісімнің арқасында екі елдің жастарға арналған жобаларына алма-кезек қатыса аламыз, діни экстремизмнің алдын алуда бірлесіп әрекет етеміз, сонымен қатар, этномәдени саладағы түрлі жобаларды іске асыруда әріптестік орната аламыз. Түрлі халықтардың мәдениетін, салт-дәстүрін білу арқылы біз рухани тұрғыда өзара байып, түрлі қауіп-қатердің алдын ала аламыз.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу