Ең үздік бейнежазбаға байқау жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ең үздік бейнежазбаға байқау жарияланды

24.11.2017

Елімізде алғаш рет ең үздік бейнероликті анықтау үшін байқау жарияланды. Оған танымал блогерлер мен бұл саланың қыр-сырын енді зерттеп жүрген өнерлі жастардың қатысуға мүмкіндігі бар. Бас жүлде - 5 миллион теңге. Жеңімпаздар 11 аталым бойынша 9-желтоқсан күні анықталады. Ал, 1-орыннан басқа, жүлделі блогерлерге iPhone Х, бейнежазбаны түсіруге қажетті құралдар сияқты бағалы  сыйлықтар табысталады. Сайысқа қатысу үшін videobaiga.kz сайтына тіркеліп, тапсырыс жіберу қажет. Әрі жаңадан түсірілген жарқын бейнеролигіңіз керек. Ең бастысы, бейнероликтің мазмұны мен көркемделуі ҚР-ның заңнамасына сәйкес болуы тиіс.

«Бейнебәйге» жобасына қатысушылардан 300-ден аса өтініш түскен. Ал, 1-8 желтоқсан аралығында «Жас блогер», «Ең үздік Youtube  2017 жобасы», «Youtube»-тағы ең үздік телеарна және Beeline-ның арнайы аталымдары бойынша халықтың дауыс беруі басталады.

Гаяз Гаязов, бейнеблогер:

 - Мен бұл байқауға қатысу үшін өтініш беріп үлгердім. Енді жүлделі орынға ие боламын деген үмітім бар.

Істі бастаған интернет қолданушылары әлемдік аренада Қазақстанның ғаламтор контентін дамытып, рейтингті алғашқы ондыққа көтеруді көздеп отыр.

Расул Абдуллаев, «Yuframe» тобының мүшесі:

 - Мен бұл байқаудан тек жақсы нәтиже күтемін. Еліміздің барлық бейнеблогерлері бас қосып, Қазақстанның ғаламторлық жүйесін дамытамыз деп сенемін.

Байқауға дарынды жастар түрлі тақырыпқа сай туындыларын ұсына алады. Тек бейнероликтің ұзақтығы 3 минуттан аспауы тиіс.

Павел Крутских,  «Beeline» компаниясының PR-менеджері:

- Бұған дейін он аталым болған. Ал, он біріншісі «Ғаламторды гүлдендір» деп аталады. Қатысушылардың қиялына еш шектеу жоқ. Оларға тек сәттілік тілейміз.

Байқаудың негізгі шартына сәйкес, дыбыс және бейнежазбаларда техникалық ақаулар болмауы тиіс. Оған қоса, материалдар «YouTube» желісіне жүктелуі қажет.

Самсон Безмятежный, «Genesis youtube» компаниясының директоры:

- Мен видеобәйгенің барлық қатысушыларына жеңіс тілеймін. Сәттілік!

Жеңімпаздар 9- желтоқсан күні анықталып, салтанантты жиында марапатталады. 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ 

Хабарламаларға жазылу