ОҚО-да лауазым иелері 162 млн теңгені жымқырып, ойынға тіккен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да лауазым иелері 162 млн теңгені жымқырып, ойынға тіккен

13.11.2017

Оңтүстік Қазақстан облысында бағаны тұрақтандыру қорындағы азық-түлікті сатып, ақшасын құмар ойынға тігіп жіберген лауазым иелері жазаға тартылды. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына қарасты «Оңтүстік» азық-түлік компаниясының басшысы Олжас Бақтыбаев пен қойма меңгерушісі осылайша мемлекеттің 162 миллион теңге қаржысын талан-таражға салған. Тексеру барысында қоймада 60 тоннаға жуық қант, 70 мың литр өсімдік майы мен 6 тонна күріш болмай шыққан. Олар бұл азық-түліктерді базардағы сатушылармен келісіп, ешбір құжатсыз саудалап келген. Компания жетекшілері одан түскен ақшаны букмекерлік мекемелердегі бәс ойындарына тігіп жіберген. Осы істі қараған Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық соты компания басшысы Олжас Бақтыбаевты 8 жылға, ал, қойма меңгерушісін 7 жылға бас бостандығынан айырды.  

Еркін Оспанов, Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының судьясы:

- Тергеу ақпан айынан бастап жүргізілген. Сотқа келгенше кешегі күнге дейін Бақтыбаев «бәрін мен істедім» деп мойындап отыр. Қазіргі таңда 6-7 миллион теңге қайтқан. Қазір олар арызды 154 миллионға беріп отыр. 

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу