Қарашаның 13-14-і күндері өтетін Астана клубына әлемнің 28 мемлекетінен сарапшы қатыспақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарашаның 13-14-і күндері өтетін Астана клубына әлемнің 28 мемлекетінен сарапшы қатыспақ

08.11.2017

Күн сайын күрделене түскен бүгінгі заманда өзара сенімге негізделген диалогсыз даму мүмкін емес. 2015 жылы құрылған «Астана клубы» Еуразия құрлығының алдындағы мүмкіндіктер мен қауіп-қатерді талқылаудың ашық алаңы. Клубқа әлемнің беделді сарапшылары, бизнес көшбасшылары мен саясаткерлері мүше.

«Астана клубының» екінші отырысында Президент пен сарапшылар арасындағы сұхбат үш сағатқа созылып, қызу пікірталас болған еді. Нұрсұлтан Назарбаев елдің ішкі және сыртқы саясаттағы тірлігін түгел жіпке тізіп, кез келген киікілжіңді шешудің жалғыз жолы – диалог екенін ескерткен. Жалпы, Еуразия - ол жер шарының үштен бірі. Жұмыр жерді жайлаған халықтың 5 млрд-тан астамы осы мега құрлықта өмір сүреді. Ал, Қазақстан болса осы құрлықтың қақ ортасында тұр. Биыл да жер шарындағы алып құрлықтағы Қазақстан рөлі әңгімеге арқау болмақ.

Сұлтан Айтжанов, ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы қоры директорының орынбасары:

- Биылғы жылдың тақырыбы - «Үлкен Еуразия-2027». Келе жатқан 10 жылдықта бізді не күтеді? Қандай жетістік күтіп тұр? Біздің бағдарымыз соған сай келіп отыр ма?

Еуразия құрлығында Ресей, Қытай, АҚШ және Еуроодақ елдерінің мүддесі тоғысқан. Қазақ жері арқылы әлемдік сауда-саттықтың ең төте әрі тиімді дәлізі өтеді. Трансқұрлықтық дәліздің негізгі ойыншысы ресми Астана Еуропа мен Азияны географиялық жағынан ғана емес, саяси тұрғыдан да біріктіруге мүдделі. Бұған мысал ретінде Сирия мәселесіне арналған «Астана процесін» айтуға болады. Қазақ елі бір-бірімен жауласып отырған тараптарды бір үстел басына отырғызып қана қоймай, проблеманы шешу жолдарын да ұсынды.

Серік Бейсембаев, ҚР Тұңғыш Президенті қорының сарапшысы:

- Соңғы 2-3 жылға қарасаңыз Қазақстан Еуразиядағы кикілжіңдерді шешу үшін өз алаңын беріп, кездесу ұйымдастырды. Мысал, Сирия процесі.

Қарашаның 13-і мен 14-і өтетін Астана клубына әлемнің 28 мемлекетінен 60-тан астам сарапшы қатыспақ. Келелі кеңесте Еуразиядағы көлік инфрақұрылымын дамыту, өңірдегі көші-қон түйткілі, мұнай бағасының экономикаға ықпалы мен жаһандық сын-қатердің алдын алу жайы жете талданбақ.

 

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу