Павлодардан алғашқы отандық бензин өңірлерге жіберіле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодардан алғашқы отандық бензин өңірлерге жіберіле бастады

01.11.2017

Павлодар мұнай өңдеу зауытынан шыққан алғашқы отандық бензин өңірлерге жіберіле бастады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін Энергетика Министрі Қанат Бозымбаев айтты. 

 

Айта кету керек, өткен аптада Павлодардағы зауыт ұзақ жөндеу жұмыстарынан кейін іске қосылып, тәулігіне 1200-1500 тонна көлемінде бензин шығара бастаған. Алғашқы 1200 тонна өнім Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына жіберілген.

 

Алайда, ішкі нарықта әлі де Ресей бензині басым. Себебі, осы айда көрші елден 95 мың тонна бензин жеткізілген.

 

Бұл бензинді сатып тауысу үшін уақыт керек. Содан кейін ғана нарықты отандық жанар-жағармай жайлай бастайды.

 

Осы айда ішкі нарықтағы бензиннің 60 пайызы Ресейдікі болса, алдағы айда бұл көрсеткіш 25 пайызға дейін азаймақ.

 

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

 

- Қазірдің өзінде бензин шығарылып жатыр. Бірақ келесі 4-5 күннен кейін технологиялық режимге шығу керек. Осы бензин  2-3 апта сатылады. Қазір 3 зауыт жұмыс істеп жатыр. Сондықтан, екінші немесе осы қарашаның соңына дейін бағалардың корректировкасы болуы мүмкін.

Хабарламаларға жазылу