Жылуға қарыз сот арқылы өндірілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жылуға қарыз сот арқылы өндірілуде

30.10.2017

Қызылордалықтардың жылуға берешегі 309 миллион теңгеге жетті. Жылдан-жылға қордаланған қарыз азаюдың орнына көбейіп барады. Тұрғындар жылуды игілігіне пайдаланып отырса да, ақысын төлеуге құлықсыз. Сондықтан, қарызын өтемегендердің ісі сотқа жолдануда.

Ісі сотқа жолданса да қарызын өтемегендердің бірі - осы пәтердің иесі. Борышкердің қалада болмағандығына байланысты тағы бір мүмкіндік берілді. Алдағы бір аптаның ішінде берешегін өтеуі керек.

Ал, мына азамат қанша хабарлама келсе де, әлденеше рет ескерту жасалса да, құлақ асар емес. Сондықтан, оның иелегіндегі мүлкі кепілдікке алынды. Жалпы, қала бойынша борышкерлерге қатысты 800-ден астам құжат рәсімделген.

Нұрымжан Сайымов, Қызылорда облыстық Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының басшысы:

- Сомаға шағатын болсақ, 51 миллионннан астам теңге. Мұның қазіргі күнге дейін небәрі 11-ақ миллионы өтелген. Бұларға тиісті деңгейде хабарлама алдын ала табысталған. Орындауы керектігі жөнінде, берешекті өтеу жөнінде де бірнеше рет хабарламалар берілген. Сондай-ақ, мүліктеріне тыйым сала отырып, мәжбүрлі түрде орындауда. 

Сот орындаушылар күніне 3-4 үйді аралап, қарызы бар тұрғындарға хабарлама таратады. Оның орындалуын бақылайды.

Қарлығаш Қалмұратова, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК заңгер кеңесшісі:

- Олардың айлық табысынан және зейнетақысынан ұстап жатыр. Ол «Қызылордажылуэлектрорталығына» аударылуда. Бізде бақылаушылар үй аралайды. Үй аралаған кезде есіктерін ашпайды, үйінде адам болмайды. Сондай жұмыстар көп болады бізде.

Биылғы жылу беру маусымы басталса да, тұрғындар былтырғы қарызды өтеуге асығар емес.  Сот орындаушылар осы уақытқа дейін 6011 іспен айналысса, әзірге тек оның жартысынан ғана тиісті қарыз өндірілді.     

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу