Қаңғыбас иттер мен мысықтар көбейіп барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңғыбас иттер мен мысықтар көбейіп барады

26.10.2017

Енді көшеден ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтар арнайы оқшаулағыш торларда 3 күн емес, 2 ай бойы өмір сүре алады. Осы мерзімде  иелері табылмаса, оларға ұйықтататын дәрі егілмек. Алайда, бүгінде  иесіз жануарларға қамқорлық танытып жүрген мекемелер де аз емес. Мәселен, қала тұрғыны қайырымдылық жасап, зәулім үйін 800 мысық пен иттің мекеніне айналдырған.

800-ден аса мысық пен ит. Елорданың Шұбар ауданындағы зәулім коттедждің тұрғындары - осылар. Ал, үйдің өзі астаналық Бақытгүл Жұмабековаға тиесілі. Қала орталығындағы баспанасында өзі тұрмайды, оны жануарларды жылытуға арнаған. Түсірілім кезінде Бақытгүлдің өзін кездестіре алмасақ та, мысықтар мен иттерге екпе салып, ауруларын емдеп жүрген ерікті - мал дәрігері Нұрланды жолықтырдық.

Нұрлан Сүлейменов, мал дәрігері:

 - Бұл жерге көбінде ауру жануарлар келеді. Еріктілер әкеледі.  Машина соққан болады көбінде, біреулерден жәбір көрген, балалар ойнайды, далада үседі. Неше түрлі жарақат алған жануарлар келеді. Соларды емдейміз. 

Ит-мысықтардан бөлек, бұл жерден түлкі де бар. Оны осында сауда үйіндегі зообақтан 1 жыл бұрын әкелген. Өзіңіз байқағандай, Алекс түрлі-түсті ойыншықтармен ойнағанды жақсы көреді. Оны алып кеткісі келетіндер де көп екен. Алайда, еріктілердің бергісі жоқ. Себебі, түлкі ерекше күтімде, осындай жағдайда ғана өмір сүруі қажет. 

Кейібірі қараусыз қалған, кейбірінің иесі мүлдем болмаған. «Астана ветсервис» мемлекеттік кәсіпорнының қала шетінде осындай оқшаулағыш торлары бар. Бұл жерге күніне 20 шақты ит әкелінеді. Мұндағы 100 темір торда 160-тай ит қамауда. Уақытша ұстау мерзімінде иттер мен мысықтар күтіліп, тамақтандырылады. Темір торларда тазалау және зарарсыздандыру жұмыстары да жүргізіліп тұрады, - дейді қызметкерлер.

Бұрын мұндағы жануарлар тек 3 күнге ғана қамалатын. Сол 3 күнде ешкім алып кетпесе – қала шетіндегі крематорийде өртеп жіберетін. Алайда, еріктілердің арқасында, қала әкімдігінің келісімімен бұл мерзім 60 күнге ұзартылған.

Ерлан Зекебаев, «Астана ветсервис» кәсіпорны директорының міндетін атқарушы:

 -Тағы да питомник ашайық деп жатырмыз. Модульдарын, бәрін әкеліп қойғанбыз. Оның ішінде мысықтың торлары бар, оның ішінде операция жасайтын модульдар бар.

Операция демекші, мамандар қаңғыбас иттер мен мысықтардың мәселесін арнайы операция жасату арқылы ғана шешуге болады, - дейді. Сондықтан, биыл Астанада 4 мың мысық пен итке осындай операция жасалмақ. Ал,  оларды аулау шараларына жыл сайын 160 миллион теңгедей бөлініп отырады.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу