БҚО-да қаңғыбас ит мал-жанға қауіп төндіруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да қаңғыбас ит мал-жанға қауіп төндіруде

28.04.2022

Алматы облысында 9 жастағы баланы ит қапты. Ал Батыс Қазақстанда бұралқы иттер 72 қойды тамақтап кетті. Маңғыстауда да қаңғыбас ит мал-жанға қауіп төндіруде.

Бұралқы иттер Батырбек Жұбанғалиевтің 72 қойын баудай түсірген. Мұндай оқиға өткен айда да болған. Соңғыда екі түн қатарынан қорасына кіріп, ұсақ малды тамақтап кеткен. Тілерсегі қиылып, жараланғандары да бар.

Батырбек Жұбанғалиев, ауыл тұрғыны:

Сұмдық жағдай. Азын-шоғын асырап отырған малымыз. Бұнымен маған 3 рет шауып тұр. 8 наурызда 12 басымды өлтірді. Со кезден бастап акиматтың табалдырығын тоздырдым. Жалпы саны 70-тің үстінде кетті. Дегенмен, міне, жатыр ғо, жүре алмайтын қойлар. Кеше сойдық, бірақ өткен жоқ. Бәрін далаға лақтырдық.

Заң бойынша бұралқы ит өлтірген малға өтемақы төленбейді. Аудан әкімі шығынға ұшыраған тұрғынға демеушілік көмек көрсетілетінін айтты.Аудан әкімі шығынға ұшыраған тұрғынға демеушілік көмек көрсетілетінін айтты. Қойға қырғидай тиген қаңғыбас иттердің көзі жойылды.

9 жастағы бала ауруханаға түсті

Ал Алматы облысының Ақсеңгір ауылында 9 жастағы баланы ит қапты. Жеткіншек бауырларымен бірге аулада алаңсыз ойнап жүрген. Кенет бір топ ит ойын алаңына қарай жүгірген. Таланып қалған бала басынан жарақат алды. Дәрігерлер науқастың жағдайы тұрақты дейді. Ал қабаған итті ветстансаға қамаған.

Алуа Жексенова, Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

Алып келгенде балаға антирабический иммуноглобулин салынып, бала бөлімшеге жатқызылды. Бөлімшеде жатқан уақытта схема бойынша антирабическая вакцина салынды. Кешегі тәулікте баланың жағдайы жақсаруымен үйіне шығарылды.

Балаларын мектепке жіберуге қорқады

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында да босып жүрген ит көп.Ата-аналар балаларын мектепке жіберуге қорқады. Әкімдікке шағымданғаннан пайда жоқ. Бұған дейін қаңғыбас иттер Бейнеу ауданында 40 шақты қой мен ешкіні тамақтап кеткен.

Дүржамал Құрбанәлиева, ауыл тұрғыны:

Біздің көшелерде ит көбейіп кетті. Балаларды оқуға апара алмаймыз. Мына немеремді жалғыз жіберуге қорқамын. Иттер көп көшеде өте көп. Бұл қаңғыбас иттердің көзін құрту керек.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Қаңғыбас иттер ауыл түгілі, қалада да қаптап жүр. Көбіне осындай тұрғын үй аулаларында жүреді. Мінекей, ит аулаушылар кезекті рет итті ұстап, көлікке салып жатыр. Қабаған иттер мынадай ойын алаңдарында ойнап жүрген балаларға да қауіпті.

Алайда ветеринардың ит атуға құқығы жоқ. Жазатайым оқиғаның алдын алу үшін заңның күшейтілгенін қалайды. Әйтпесе, қабаған иттің адамды қауып, малды қыруы жалғаса бермек.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу