«Таңшолпан» ұжымы студенттермен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан» ұжымы студенттермен кездесті

24.10.2017

Еліміздегі телеарналарда танымдық таңғы бағдарламалар көп. Бірақ, солардың арасында «Таңшолпанның» орны мен үні бөлек. Себебі, бірнеше сағат тікелей эфирде тек қазақ тілінде сөйлейді. Әсерлі әңгіме, әуезді ән, қызықты дерек, танымдық сюжет, жағымды жаңалық – мұның барлығы «Таңшолпанда» бар. Сол үлкен жұмысты атқарып жүрген жас тележурналистер бүгін студенттермен кездесті. Журналистиканың қыр-сырын айтып, бағыт бағдар сілтеді.

«Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасына биыл 25 жыл. Осыған орай ұжымның жүргізушілері мен тілшілері Еуразия ұлттық университетінің студенттермен кездесті. Ашық сұқбат орнап, журналистиканың бүгінгі ерекшеліктері мен бағыттары баяндалды.

Жансерік Берікқазыұлы, «Таңшолпан» ақпаратты-сазды бағдарламасының жетекшісі:

- Мұны ұйымдастырып отырған себебіміз, Қазақстан телеарнасының, оның ішінде «Таңшолпан» бағдарламасының бүгінгі деңгейін, мақсат-мүддесін және журналисттер нені білуі керек және қай бағытта жұмыс істеу керек. Осы мақсатта тәжірибе алмасу үшін кездесіп отырмыз.

Жалпы, «Таңшолпан» бағдарламасы жаңа маусыммен жаңа кейіпке, форматқа енді. Қызықты әрі танымдық айдарлар көбейді. Мұның барлығын көрермен мен жас журналистер жіті бақылап, зерделеп отыр.

Жаннұр Үйсунбай, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті:

- Еліміздегі үздік арналардың бірі - Qazaqstan арнасы. Міне, сол арнаның үздік журналистері бізге кездесу ұйымдастырып жатыр. Бұл кездесуде қалай «синхрон» жазу керек, қалай сюжет жазу керек, жалпы, материалымыз қаншалықты жоғары деңгейде болуы керек, соның барлығын үйретіп жатыр. Менің ойымша, бұл кездесу болашақ журналистерге зор үлесін қосады деп ойлаймын.

«Таңшолпанның» ұжымы бұған дейін де осындай кездесулер ұйымдастырып келеді. Көрерменмен сұхбаттасып, олардың ой-пікірін бағамдайды. Осы жолы журналистер жас әріптестерімен тәжірибе бөлісті. Бағдарламаның мерейтойы қарсаңындағы бастама баянды болғай.

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу