Шалқия кенішін игеру сәтті жүзеге асуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шалқия кенішін игеру сәтті жүзеге асуда

19.10.2017

Қызылордада тау-кен байыту комбинатының құрылысы жүріп жатыр.  Оның бірінші кезеңі  жоспар бойынша 2019 жылы аяқталады. Ал, кәсіпорын іске қосылғанда  алғашқы жылы 2 миллион, онан кейін 4 миллион  тонна қорғасын мен мырыш өндіріледі.   

Мырыш қоры бойынша әлемде бесінші орындағы Шалқия кенішінде жүзеге асырылатын бұл жобаның экономикалық тиімділігі зор.  Бүгін «Самұрық - Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев кен орнында болып, осыдан үш жыл бұрын басталған жобаның жүзеге асу барысы, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы «Шалқия» - мырыш қоры бойынша әлемдегі ірі  кен орындарының бірі.  Бірақ, кезінде өндірісі өркендеген кеніш 40 жылға жуық тоқтап тұрды.  Бірінші меже - осы тұралаған кен орнын қалыпқа келтіру еді. Жобаның алғашқы кезеңі сәтті аяқталды. Ауызсу жүйесі, жарық жүргізу, шахтаны құрғатып,кен қазу шаралары қазір қызу жүріп жатыр.

Рабиға Омарова,  «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ жобалар бойынша басқарушы директоры:

 - Жобаның экономикалық тиімділігі өте жоғары. Жаңа технологиялардың көмегімен көп мүмкіндіктерге қол жеткізбекшіміз. Яғни, кен құрамынан минералдарды, қорғасын мен мырыштан басқа да металдарды ажыратуға, оны терең өңдеуге мән беріп отырмыз. Фабрика іске қосылғанда  мың жарым адам еңбек етеді. Ал, бұл облыс үшін үлкен серпіліс.

Мамандардың айтуынша, мұнда қорғасын мен мырыштың 30 жылға жететін қоры бар. Кен 800 метр тереңдіктен қазылады. Шикізатты қазып қана қоймай, оны өндіріске жарату мақсатында  кен байыту комбинаты бой көтереді. 

Талғат Сұлтанбеков,  «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ басқарма төрағасы:    

- Фабрика құрылысы 2018 жылы басталады. 2019 жылы алғашқы өнім аламыз деген жоспар бар. Жалпы, жоба 33 жылға қаралған. Онан кейін де өндірісті өрістетуге болады. Оған шикізат қоры жетеді.

Қазір кен орнында 700-дей  адам еңбек етуде. Ал, комбинат құрылысы басталған кезде  жұмысшылар саны  3 мыңға жетеді.  Жас мамандар тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.  Олар үшін  280 орынға лайықталған, барлық жағдайы жасалған жатақхана салынды.     

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу