Ресей астанасында «Ашық инновациялар» деп аталатын 6-шы халықаралық инновациялық даму форумы өтіп жатыр. Цифрлы экономика мен технология саласының келешегіне арналған шараға қазақ делегациясын Үкімет басшысының орынбасары Асқар Жұмағалиев бастап барды. Вице-премьердің қатысуымен, осы форумның аясында Мәскеудегі «Сколково» технопаркінен қазақстандық «Инновациялық технологиялар паркінің» өкілдігі ашылды. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Сочидегі саммит кезінде, цифрлы экономиканы Еуразиялық одақ елдерімен бірлесіп дамыту жөнінде берген тапсырмасына сай іске асты.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
- Сандық экономиканың нақты бір шегі, шекарасы жоқ. Сондықтан, сандық технологияның көмегімен бүкіл әлем бойынша бизнес жүргізуге болады. Алайда, бұл салада белгілі бір мемлекеттер күш біріктіру арқылы ортақ стандарттарды, қандай да бір ережелерді қабылдай алады. Бұл мәселе, дәл қазір Еуразиялық экономикалық одақ елдері үшін, соның ішінде бірінші кезекте Қазақстан, Ресей және Беларусь тарапына аса көкейкесті болып тұр.
Сондықтан болар, Мәскеудегі халықаралық форум тұтастай сандық экономика тақырыбына арналды. Осы шараның аясында Мәскеудегі «Сколково» технопаркінің негізінде қазақстандық «Инновациялық технологиялар паркінің» өкілдігі ашылды. Осылайша, цифрлы экономикаға бірлесіп көшудің алғашқы нақты қадамы жасалды.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Үкімет басшысының орынбасары:
- Сочидегі Президенттің берген тапсырмасына сәйкес, біз осында Мәскеуде «Сколково» базасында инновациялық технологиялық паркінің өкілдігін аштық. Ол біздің компаниялардың, стартаптардың дамуына серпін береді, Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына мүмкіндік береді.
Ринат Батыров, «Сколково» технопаркінің бас директоры:
- Қазақстанның нарығына шыққысы келетін ресейлік компаниялардың көп екенін көріп отырмыз. Сәйкесінше, қазақстандық компаниялар да Ресейде жұмыс істегісі келеді. Сондықтан, әріптестігімізді тиімді іске асыру үшін қазақстандық парктің өкілдігі ашылып отыр. Біз олардың жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасаймыз.
Мәскеудегі сапары барысында Асқар Жұмағалиев өзінің ресейлік әріптесі Аркадий Дворковичпен арнайы кездесті. Қос елдің вице-премьерлері, Қазақстан мен Ресей экономикасын цифрландыру саласындағы әріптестікті, Еуразиялық одақ аясында тереңдету жайын талқылап, бірлескен нақты бағыттарды пысықтады.
Аркадий Дворкович, РФ Үкімет төрағасының орынбасары:
- Менің ойымша, сандық экономика саласында бірлесе қолға алатын басты 4 мәселе бар. Ол - бұл саланы заңнамалық тұрғыда реттеу ісі, киберқауіпсіздік, содан соң инфрақұрылым. Яғни, телекоммуникациялық жүйелерімізді сәйкестендіруіміз керек. Содан кейін білім мен ғылым саласындағы бірлескен жобалар. Осы 4 бағытты жолға қойсақ, бизнес саласындағы жобалар өз бетінше іске аса береді.
Сандық экономика саласын дамыту үшін Мемлекет басшысы нақты 5 бағытты белгілеп берген. Мәселен, соның бірі қаржы саласының дамуына қатысты. Бұл тұрғыда Ресей елімен бірлесе жұмыс істеуге болады.
Санжар Кеттебеков, «ALMATY TECH GARDEN» автономды кластерлік қорының бас директоры:
- Астана қаржы орталығы арқылы жаңа қаржылық құралдар мен технологияларды дамыту – сандық экономикаға көшудің маңызды бір бағыты. Оған мәселен, криптовалюта, блокчейн технологиясының қатысы бар. Мұндай үлкен салаларды дамыту үшін бірнеше елдің компаниялары бірлесіп жұмыс істеуі керек.
Инновациялық форумға әлемнің 90-ға тарта мемлекетінен 18 мың адам келді. Тараптар сандық экономика мен ақпараттандыру салаларының дамуына байланысты ғаламдық деңгейде болып жатқан өзгерістерді жан-жақты талқылады.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ