Жетісу облысында қант қызылшасын жинау науқаны қыза түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында қант қызылшасын жинау науқаны қыза түсті

15.09.2023

Жетісу облысында қант қызылшасын жинау науқаны қыза түсті. Биыл шаруалар 250 мың тонна өнім жинап, өңірдегі екі зауытқа өткізеді. Ал екі жыл қатарынан жұмысы тоқтап қалған Ақсу қант зауыты бүгін алғашқы өнімін қабылдай бастады. Кәсіпорын тәтті түбірден бөлек қант құрағынан да шекер өндіретін болады.

Ақсу қант зауыты жұмысының жанданғаны үш ауданның шаруаларына қолайлы болды. Бұған дейін Алакөл, Сарқан және Ақсу ауданының қызылша егетін диқандары жүздеген шақырым артық жүріп, Көксу ауданына тасымалдайтын. Салдарынан кейбір шаруашылықтар қант қызылшасын себуді тоқтатуға мәжбүр болды. Кәсіпорын биыл іске қосылады деген соң олар да қуана іске кірісті.

Айдар Сәрсенбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

Ақсу зауыты аммофос, селитра қосымша беріп отырса, халыққа көмектесетін болса, қант қызылшасын біразы тағы себеміз деп отыр. Биыл 25 септік, келесі жылы 50 сепсек пе деп отырмыз.

Жылына 450 мың тонна тәтті түбір өңдей алатын алып кәсіпорын биыл 120 мың тонна өнім қабылдамақ. Өткен жылмен салыстырғанда қант қызылшасының бағасы да тұрақталды.

Самат Нәдірбаев, Ақсу қант зауытының директоры:

Қант қызылшасын зауытымызда 15 теңгеден қабылдап жатырмыз және 25 теңге субсиядия қарастырылған.

Мұнан бөлек шаруалардың өнімді тасымалдау шалғайлығына қарай қаржы қарастырылған. Жалпы Жетісу облысында қант қызылшасын өсірумен айналысатын 400-ге жуық қожалық бар. Қазір бәрінде қарбалас сәт. Өнімді шашау шығармай зауытқа жеткізу міндеті тұр.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу