Жетісу облысында жүгері алқабы азайтылып, қант қызылшасы көбейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында жүгері алқабы азайтылып, қант қызылшасы көбейтіледі

28.03.2024

Жетісу облысында көктемгі дала жұмыстары қарқын алды. Аймақ биыл 525 мыңдай гектар алқапты игермек. Былтырғы жылдан сабақ алған өңір шаруалары биыл жүгерінің көлемін едәуір азайтады. Есесіне қант қызылшасының аумағын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Көктемнің бір күні жылға азық деген диқандар қарбаласын әріптесім Қуаныш Қанатұлы көріп қайтты.

Ескелді ауданына қарасты Бақтыбай ауылдық округінің диқандары көктемнің әр шуақты күнін ұтымды пайдалануға тырысып бағуда. Бірі арпа-бидайын сеуіп, енді бірі жерін жыртып, тырмалап, тегістеп жатқан жайы бар. Мұндағы шаруалар биыл басымдықты қант қызылшасына беріп отыр.

Азат Қимадиев, шаруа қожалығының жетекшісі:

Қазір қант қызылшасын еккен кішкене тиімді болып тұр да бізге. Екі зауыт, оның субсидиясы бар, бәрі жақсы, көмегі бар. Соған көшіп жатырмыз, қант қызылшасына.

Ауданның жалпы егістік көлемі 52 мың гектар болса, 22 мың гектары суармалы алқап. Дала еңбеккерлері мың гектардан астамын тырмалап, 200 гектарына дән сеуіп тастады.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Мына немістің сепкішіне 3 тоннаға дейін дән сияды. Ал бір толтырғаны 12 гектар алқапқа жетеді. Демек бір күнде бұл сепкішпен 90 гектар алқапқа дейін арпа-бидай сеуіп шығуға болады.

Тыңайтқыш пен дизель отынына да жеңілдіктер қарастырылып, шаруаларға бәрі уақытылы жеткізілуі міндеттелді.

Қуат Қожахметов, Ескелді аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Жанар-жағар май биылғы жылға шаруа қожалықтары 430 тоннаға көктемгі дала жұмыстарына сұраныстарын өткізді. Оның ішінде 138 тоннаға қазір шаруа қожалықтар келісімшартқа отырып, ақшаларын төлеу жұмыстарында.

Жалпы Жетісу облысында биыл дәндік жүгері 15 мың гектардан астам алқапқа кем себіледі. Өйткені былтыр шаруалар өнімді өткізе алмай қиналды. Есесіне қант қызылшасы 2,7 мың гектарға артық игерілмек. Сондай-ақ майбұршақ пен күнбағыстың да алқабы ұлғаяды.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу