Қызылорда өңірінде көмір жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда өңірінде көмір жоқ

10.10.2017

Аймақтағы отын қоймаларының бәрі қаңырап бос тұр. Есесіне, делдалдардың саудасы қызды.  Олар көмірді келген мезетте тонналап алып, жұртқа қаптап сатып, пайда табуда. Өңірдегі тілшіміз Ақерке Берікбекқызы көмір тапшылығын көзбен көріп, мәселенің мән-жайына қанықты.  

Қалекеевтар отбасы күн суытса да әлі көмір алған жоқ. Сәбит қария қаладағы қоймаларға бірнеше мәрте барды, таппады. Амал жоқ. Балалар тоңып қалмау үшін ағаш жағып, лаждауда.

Сәбит Қалекеев, Қарауылтөбе ауылының тұрғыны:

- Отынды да сатып аламыз, оның өзі бір машинаң 30 мыңға барады. Былтырлары 11 мың 12 мыңды халық қымбат деп жатыр еді, биыл енді 15-16 мыңға барып жатыр көмір. Жыл өткен сайын қымбаттап бара жатыр.

Бірақ, сол қымбат көмірдің өзін табу қазір қиын болып тұр. Қоймалар бос. Алғашқы лек осыдан бір апта бұрын келген. «20 вагон лезде өтіп кетті» дейді жұрт. 110 вагонға тапсырыс берілген, қаражаты төленген. Бірақ, қашан келері белгісіз.

Бектібай Өксікбаев, қойма директоры:

- Осындай қиын жағдай жыл сайын болады. Қыркүйекте басталады, оқазан, қарашаға дейін келуі керек вагондар әлі келмей жатыр. Қазанда келетін вагондар әлі келмей жатыр. Желтоқсанда бітеді, сонан кейін, көмір ақпанның аяғында, наурызда келіп қалады. Сол кездерде осындай қиындықтар туып жатыр.

Қоймада жоқ көмір жеке кәсіпкерде бар. Олар тонналап алған қатты отынды қаптап сатады. Былтыр көмірдің бір қабы 800 теңге болса, биыл 1000 теңгеден саудалануда.

Делдалдар осылайша пайда тауып отыр. Тек екі ортада қалтасы қағылған қарапайым халыққа қиын соғуда. Алыпсатарлар көмірдің бағасын тасымал құнымен байланыстырып отыр.

Ергеш Балабиев, кәсіпкер:

- Былтыр 14 мың, 13 мың еді. Биыл 18 мың болды, бірақ тупиктерде әзірге 16500, 18500. Енді қымбаттайды дейді, 20 мың болады дейді.

Кәсіпкер:

- Шұбаркөлден алып келеміз. Шұбаркөлде де кезек, қырғын талас. Көмір жағы қиын болып тұр қазір.

Қымбат әрі қат көмір іздеген халық сенделіп жүр. Қаптап алған қатты отынның берекесі жоқ.    Жергілікті биліктің жоспары бойынша, келер жылы облыс халқы 100 пайыз көгілдір отынның игілігін көреді. Көмір мәселесі сонда ғана түбегейлі шешімін табады. 

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу