Тауар экспорты артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тауар экспорты артып келеді

11.02.2014
Тауар экспорты артып келеді
Кедендік одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік қазақ кәсіпкерлеріне үлкен мүмкіндік ашып отыр. Соның арқасында үлкен компанияларды былай қойғанда, шағын кәсіпорындар да Ресей мен Беларусь еліне барып, өз өнімдерін қымбат бағаға сатып жатыр.
 
Ең бастысы, тауар тасымалына кедергі жоқ, ал сұраныс көп. Мәскеу қаласында өтіп жатқан «Продэкспо» азық-түлік көрмесіне қатысушы отандық бизнесмендер осылай дейді.
 
Мұхамеджан Қаржауұлы - қостанайлық кәсіпкер. Май тартатын цех ашқан іскер азамат, биылдан бастап тауарын Ресейге экспорттап жатыр. Кедендік одақтың арқасында, шағын ғана шаруа қожалығының басшысы, алып нарыққа шығуға мүмкіндік алды.
 
Мұхамеджан Акулов, кәсіпкер:
Кедендік одақ ашылған соң, мына нарық мәселелері шешіліп, есіктер ашылып, Мәскеуге келіп жатырмыз. 1 жетіден Мәскеуге келіп, тауарларымызды сатып жатырмыз. Әзірге өтімі жақсы. Енді осы нарықта тұрақтап қаламыз деген ойымыз бар.
 
Кедендік одақтың арқасында, қазақ кәсіпкерлері үшін 17 миллион тұтынушы 10 есе өсіп, 170 миллионға айналды. Ең бастысы, тауар тасымалына еш кедергі жоқ. Оның үстіне ресейлік сатып алушылар, біздің тауардың сапасына қызығып отыр.
 
Ирина Артанова, Мәскеу қаласының тұрғыны:
Қазақстанда жасалған консервілік өнімдерді білемін. Дәмі өте жақсы. Ресеймен салыстырғанда, Қазақстанның кәсіпкерлері тауардың сапасына қатты мән береді. Сондықтан сатып алушылар көп болатынына сенімдімін.
 
Мәскеудегі көрме барысында отандық өндірушілер көптеген серіктес тауып, жаңа келісімдерге келіп жатыр. Соның арқасында, енді кейбір қазақстандық тауарлар тіпті Кедендік одақ асып, алыс шетелге сатылуы мүмкін.
 
Владимир Хоменко, халықаралық экспорттаушы компанияның директоры:
Біздің компания тауарларды шетелге экспорттаумен айналысады. Бүгін біз бірқатар қазақстандық тауарларды көрдік. Сапасы өте жоғары. Сондықтан алдағы уақытта Жаңа Зеландия мен Австралия нарығына жөнелтуге келістік.
 
«Продэкспо» көрмесіне әлемнің 70-ке тарта мемлекетінен 2500 компания қатысуда. Олардың арасында азық-түлік өндіретін қазақстандық кәсіпорындар да бар. Бұл жер жерлестеріміз үшін өз өнімдерін кеңінен таныстырып, экспорттың көлемін арттыратын алаң.
 
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу