Зауыт еңбеккерлері жұмыссыз қалмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зауыт еңбеккерлері жұмыссыз қалмайды

13.01.2014
Зауыт еңбеккерлері жұмыссыз қалмайды
Теміртау қаласындағы электрометаллургиялық комбинаттың 600 жұмыскері жақын күндері қысқартылады. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, бұл тұралаған зауыт жұмысын қайта жаңғырту үшін жасалып отырған қадам көрінеді.
 
Себебі, компанияның бұрынғы басшылары банкке белшесінен қарызға батып, бірнеше жыл салық төлемей келген. Алайда, жергілікті билік «Қысқартуға іліккен еңбеккерлердің ешбірі жұмыссыз қалмайды», деп, турасын алға тартуда.
 
Бекасыл Пірәлиевтің Теміртаудағы металлургиялық комбинатта жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдан асып кетті.  Алғашқыда қарапайым жұмысшыдан бастаса, қазір ауысым басшысы. Тынымсыз еңбегінің арқасында қысқартуға іліккен жоқ.
 
Бекасыл Пірәлиев, комбинаттың ауысым басшысы:
Бір цехтың өзінде 5-6 бөлім бар. Сол бөлімде көмекші бөлімшелер бар. Әрқайсысынан 1-2 адамнан қысқартады деген сыбыс бар. Егер оларды қысқартатын болса, басқаларға қиын болады. Жұмыс күші жетпейді.
 
Комбинатта барлығы 2 мыңнан астам адам еңбек етеді. Алдағы уақытта соның 600-і жұмыстан қысқартылмақшы. Оның 300-і күзет, асхана секілді бөлімдерде еңбек ететіндері аутсорсинг арқылы жұмыс орындарын сақтап қалады.
 
Ал қалған 300 еңбеккер орнын босатуға мәжбүр. Алайда, атқарушы билік қысқартуға іліккендердің ешбірі жұмыссыз қалмайды деп отыр. Қажет болса, қосымша мамандыққа оқытпақ.
 
Бауыржан Әбдішев, облыс әкімі:
Ешқандай қысқарту болмайды. Аутсорсингке көшкен 300 адам жұмыс орнын сақтап қалады. Ал қысқарғандарын біз басқа жұмысқа орналастырамыз. Кейін комбинаттың жұмысы жолға қойылған соң, олар өз орындарына қайтып оралады және жалақысы да көтеріледі.
 
Бұл туралы облыс әкімі компания басшыларымен де сөйлесіп, келісімге келді. Ағымдағы жылы комбинатта жаңа пеш іске қосылмақ. Соған сай, бос жұмыс орындары ашылып, өнім көлемі артады.
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу