Қарағанды облысында ас үй плиталарын шығаратын зауыт ашылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында ас үй плиталарын шығаратын зауыт ашылмақ

05.10.2022

Енді тұрмыстық техниканы сырттан тасудың қажеті жоқ! Біразы өзімізде өндіріледі. Қарағанды облысында теледидардан бастап, шаңсорғыш, ас үй плиталарын шығаратын зауыт ашылады. Мемлекет басшысы қоғаммен кездескеннен кейін Саран қаласында қайта қалпына келтіріліп жатқан ауданға барды.

Инвесторлардың алды келіп те үлгерді. Бұл - 90-жылдардан бері тұралап тұрған нысан. Қысқа уақытта қайта қалыпқа келтіріліп, ескі ғимарат автобус шығаратын зауытқа айналды. Балалар таситын, туризм саласына арналған, электр автобуста осында. Тоғыз түрі бар. Нарықта сұраныс жоғары. 350-і сатылып кеткен. Тағы 700 автобусқа тапсырыс түсті. Ел ішінен бөлек, сырттан да қызығушылық басым. Нәтижесінде, жұмыссыз жүрген қала тұрғындары жаппай еңбекке тартылып жатыр.

Қуанышбек Сержанов, жұмысшы:

Ол РТИ тараған кезде халықтың жағдайы қиын болды. Жұмыс жоқ. Жан-жаққа тарап жұмыс жасадық. Құрылысқа бардық, жолға бардық. Әйтеуір табылған жұмысқа барып, қазір мына зауыт ашылғаннан бері біздің жағдайымыз Аллаға шүкір жақсы.

Көп ұзамай тағы екі кәсіпорын ашылады. Татарстаннан келген инвестор жыл соңына дейін шина шығаратын зауытты іске қоспақ. Мыңнан астам тұрғынды жұмыспен қамтуға дайын.

Ақылбек Имамағзам, жұмысшы:

Ал мына ғимаратта көп ұзамай тұрмыстық техникалар шығарыла бастайды. Теледидардан бастап, су жылытқыш, шаңсорғыш, ас үй плиталары сынды үйге қажетті барлық керек-жарақ осында өндірілмек. Құрылысы жақында басталады. Қазақстан бойынша тұрмыстық техникалар шығаратын бірде бір зауыт жоқ. Бұл алғашқысы болмақ.

Мұхтар Омаров, Тұрмыстық техника шығаратын компания директоры:

Тұрмыстық техникаларға сұраныс жыл сайын артып жатыр. Әрі бәрін шетелден алуға мәжбүрміз. Зауытты толық іске қоссақ онда импорттық өнімдерді ығыстырып, ішкі сұраныстың 25% қамтитын боламыз.

РТИ – кезінде дүркіреп тұрған аудан еді. Қазір тоз-тозы шыққан. 90 жылдардағы тоқыраудан кейін зауыттар бірінен соң бірі жабылып, жұмыссыз халық үдере көшті. 22 мың тұрғыннан қалғандардың саны екі мыңға да жетпейді. 100-ден астам үйдің қаңқасы ғана қалған. Араға 30 жыл салып, ондаған үй қайта қалпына келтіріліп жатыр. Бірақ, бұл шағын аудан түгілі, тұтас қала үшін жылыту мәселесі өзекті. Ендігі міндет осы түйткілді тез арада шешу. Саран - Қарағанды іргесіндегі қала. Шағын шаһардың алып шаһарға айналуға мүмкіндігі мол. Тек, инвесторлардың қатарын тағы да көбейтіп, жергілікті тұрғындарды жұмысқа көптеп тарту керек. Президент пәрмені осы.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу