Президент Атырауға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Атырауға барды

03.06.2019

Мемлекет басшысы Тараздан соң Атырау облысына аттанды. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен мұнай-газ өңдейтін «Болашақ» зауытына барып, жұмысшылармен кездесті. Сондай-ақ президент осы салаға қажет техникалық мамандықтар бойынша білім беретін колледжге де барды. 

«Болашақ» зауыты - Атырау өңірін ғана емес, тұтас Қазақстан келешегін кемелдендірер кәсіпорын. 2005 жылы 21 маусымда алғашқы кірпішін елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қалаған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев сол тарихи сәтке орай қойылған ескерткіш тасқа барды.

Құрылысы он бір жылға созылған алып зауыт 2016 жылдың қарашасында іске қосылды. Содан бері бүгінге дейін мұнда жиырма алты миллион жеті жүз мың тонна мұнай, жеті миллиард жеті жүз алпыс бес миллион текше метр газ өңделіп, бір миллион без жүз мың тонна күкірт өндірілді. Мына жер - зауыттың жүрегі. Мамандар заманауи техниканың көмегімен өндірістің барысын бақылап отырады.

Қуанышкерей Мұхтаров, Қашаған өндірісінің директоры:

Бүкіл зауыттың технологиялық процестерін осы жерден басқарады. Ана батырмалардың барлығы сөніп тұр. Ауытқулар болса, осы батырмалардан көруге болады. Пульттағы азаматтар өзінің жұмысын біледі, тиянақты. Олар әркез емтиханнан өтеді. Сондықтан жүйе біз үшін жұмыс істейді. Біз оларды қадағалаймыз.

Жалпы, Солтүстік Каспий жобасына үш кәсіпорын кіреді. Қашаған кен орнынан өндірілген мұнай мен газ құбырлармен осы «Болашақ» зауытына тасымалданады. Ал үшінші зауытта күкірт түйіршіктері шығарылады. Жеті мыңнан астам жұмысшы кезекпен күндіз-түні еңбек етеді.

Рүстем Әмірханов, зауыт қызметкері:

Зауыт ашылғалы бері бірде-бір апатты жағдай тіркелмеген. Дегенмен, қауіпсіздік ережелерін елемеуге рұқсат жоқ. Зауыт алаңына аяқ баспас бұрын әр жұмысшы мен қонақ арнайы дайындықтан өтіп, осындай киім-кешек, қорғаныс құралдарымен жабдықталады. Ал алда-жалда мына қызыл дабыл қағылып қалған жағдайда дорбашадағы газқағарды отыз секунд ішінде киіп үлгеру керек.

Ал «Болашақ» сынды мұнай-газ өңдейтін зауыттар үшін болашақ мамандар осы колледжде оқытылады. Қазір мұнда сегіз жүзден астам студент білім алып жүр. Колледж жеке болғанымен, жылда мемлекеттік тапсырыс бойынша үш жүздей грант бөлінеді.

Колледж ашылғалы бері жеті жүздей түлек тәмамдаған. Қазақстанның мұнай-газ саласына қажет нарықты бір осы оқу орны толтыра алмайды, әрине. Колледждің алған бағыты да - саннан гөрі сапаға жұмыс істеу. Білікті, бәсекеге қабілетті мамандар әзірлеу үшін халықаралық стандарт енгізілген. Пәндердің барлығын жастар ағылшын тілінде оқиды. Ал дәрістерде түйгенін зертханаларда пысықтайды.

Әйгерім Салауатова, "APEC PETRO TECHNIC" колледжінің студенті:

Біз осы тәжірибе жүзінде «Ембімұнайгазда» да тәжірибеде болдық. Сегіз ай. Өндірісте де осындай құрылғылармен жұмыс істедік. Судың тығыздығын анықтадық. Мұнай құрамындағы тұздарды осы құрылғымен анықтадық .

Кадрдың қадірі біліммен өлшенеді. Мемлекет басшысы колледждің оқыту жүйесіне оң бағасын берді. Мұнайлы өлкенің келешекте өндірісін де, экономикасын да өркендететін осы жастар. Ал аймақтың қазіргі ахуалы, жеткен жетістігі мен жіберген олқылықтары ертең талқылануы тиіс. Президент таңертең Атырау облысының жұртшылығымен кездесуді жоспарлап отыр.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу