Нұрсұлтан Назарбаев Атырауға жұмыс сапарымен барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев Атырауға жұмыс сапарымен барды

20.09.2015
Нұрсұлтан Назарбаев Атырауға жұмыс сапарымен барды

Сочиге сапардан соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырауға барып, кеңес өткізді. Ол кеңеске батыс өңірдегі төрт облыстың әкімдері қатысты. Қазақтың батыс өңірінің берекесі мұнай мен газ. Рас дәл қазір мұнайдың құны кетіп, мұңы қалыңдап тұр.

Дегенмен, мұнай мен газ экономиканы өрге сүйреген жетекші өндіріс екенін мойындау абзал. Арнайы кеңеске мұнайға жауапты мамандар, төрт облыстың әкімдері, кәсіпкерлер де қатысты. Президенттің тапсырмасы, мұнай-газ компанияларының айналысында шағын және орта бизнесті көбейту.

Мейіржан Әлібекұлы, тілші:

Мұнай өндіретін және өңдейтін батыстағы төрт облыстың ел экономикасындағы салмағы басым. Мысалы, Атырау облысы. «Жаңа индустрияландыру» мұнайлы мекенде сәтті іске асып жатыр.

Екінші бесжылдықта 3,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 17 серпінді жоба жоспарланған, биыл сегізі іске асырылмақ. Табысты жұмысын бастаған зауыттарға Мемлекет басшысының өзі арнайы барды.

Мақтанатындай жөні бар, «Қазақстанда жасалған». Жастарға толы жаңа зауыт жылына 5 мың шақырым кабель шығарады. Үйдегі теледидар мен интернетке қажет кабельдерді шеттен алғанбыз бұрын, енді Атырауда шығарылады.

Зауыттағы жас маманның бірі – Жансая. 5 жыл шетелде оқып келді. Инновация саласын меңгерді. Үйренгені көп.

Жансая Төрешева, жас маман:

Қытайдың Шанхай қаласында білім алдым. Бітіргеніме 1-2 ай болды, елге оралуға шешім қабылдадым. Себебі, өзімнің алған білімімді осы Қазақстаныма көрсетейін деп.  Осы кабель зауыты ел экономикасына пайдасы көп болады деп есептеймін. Бұл сала экономика үшін маңызды. Білімімді жұмсаймын.

Бұл -  «АтырауМұнайМаш» зауыты. Сонау соғыс жылдары салынған кәсіпорын тағы бір жаңа цехын іске қосты. Мұнай мен газға керек озық жабдықтарын нарыққа шығарып та үлгерді. Өзіміздің өнім.

Бұрын мұрын шүйіретін Атыраудағы шетел компаниялары қазір бұл зауытқа жиі келетін болыпты. Себебі, жабдықтары сапалы. 270 жұмысшы бәсекеге қабілетті қазақстандық өнім шығаруда тынбай еңбек етіп жүр.

Ришад Алашбаев, зауыт жұмысшысы:

Мен осы зауытта 30 жылдан бері жұмыс істеймін. Бұрынғы зауытпен қазіргі зауыттың айырмашылығы жер мен көктей. Жаңа станоктар келіп жатыр. Халықаралық дәрежедегі стандарттар келді. Соның бәрін осы зауыттың жігіттері игеріп жұмыс істеп жатыр.

Батыс Қазақстан  4 облыс. Мұнай мен газға бай өлкелер елдегі өнеркәсіптік өнімдердің жартысын өндіріп отыр. Мол инвестиция да осы өңірлерге құйылады. Бірақ, бұл күн мұнай мен газды місе тұтып жатар мезгіл емес. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір өздеріңіз көріп отырсыздар, мұнай мен газдың бағасы төмендеді, металл құны төмендеді. Демек, біздің жүргізіп отырған индустриялды саясатымыздың дұрыс екені дәлелденіп отыр. Біз бұған қарап қалмай, екінші индустариялды жобаларға көшпесек, қиын болады. 

Жыл сайын қып-қызыл қаржыға сан салалы алуан жоба іске қосылып жатыр. Бірақ, алаулатып-жалаулатып ашылып, жыл өтпей жабылып тынатын зауыттарды да көріп жүрміз. Көзбояушылық, құрғақ уәде батыс облыстарда да бар.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы өңірде біз отырған 4 өңірде 177 жоба іске қосылды. Бірақ, оның 50 пайызы әлі күнге дейін толығымен жұмыс істемейді. Өзінің өндірістік қуатына шыққан жоқ. Міне, істейтін жұмыстарың сол жерде болуы керек. Алынбай отырған өндіріс сол жерде.   

Шенеуніктер бас изесті. Өйткені, күрделі кезең қазір. Қазына қаржысы тиынына да дейін ретімен жұмсалғаны жөн. Үкімет үнемді де ұмытпағаны жөн. Ең бастысы,  қарапайым халық жұмыссыз қалмауға тиіс. 

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Экономиканы диверсификациялау бағыты бойынша алдағы бес жылда «Нұрлы жол» бағдарламасы жалғасады. Бұл ретте батыстағы 4 облыстың маңызы зор. Себебі, Қытай, Еуропа, Иран мен Таяу Шығысты қосатын 3 транзитті дәліз өтеді. Қазір онда 15 мың адам жұмыспен қамтылған.

2020 жылға дейін тағы 15 мың жұмыс орнын ашамыз. Екінші бесжылдықта индустриялды жобалардың сапасына мән береміз. 4 облыста 59 жоба жүзеге аспақ. Соның арқасында 16 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ.

Жолдар, индустриялды жобалар мыңдаған жанға нәпақа екенін айтты министр. Ал, тұтас ел күткен, жыры ұзаққа созылған «Қашағанның» игілігін келер жылы көрерміз. Сәтін салса...

Сауат Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы:

Дәнеркерлеу жұмыстары кідіріссіз жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды келесі жылдың қыркүйек-қазан айларында бітіреміз деген жоспар бар. Қашағаннан коммерциялық мұнай игеру келесі жылдың аяғында ғана қолға алынады.

Ал, енді бензинге келсек, жыл сайын 2-3 миллион тонна бензин тұтынамыз. 1 миллионын Ресейден импорттаймыз. Демек, Ресейде бағам  өзгерген соң, бізде де өзгерді. Ал алдағы уақытта бензин бағасы көтеріле қоймас. Біз жағдайды мұқият сараптап, бақылап отырмыз.

4 облыстың әкімі Елбасыға есеп берді. Жағдай тым қиын емес. Бірақ,  босаңсуға болмайды. Жаһандық дағдарысқа қарамастан, экономиканың қазіргі қарқынын бәсеңдетпеу, жұмыс орындарын сақтап қалу – зор міндет.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау облысының әкімі:

Қазір екі мәселеге назар аударып отырмыз. Біріншісі, жұмыспен қамту. Жыл басынан бері облыста 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.  Екіншісі, азық-түлік бағасын тұрақтандыру. Жұмыстар нәтижесінде 33 түрлі әлеуметтік маңызы бар тамақ түрлері қымбаттаған жоқ. Соңғы уақытта 11 түрі арзандады.

Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Теңгенің еркін айналымға енуіне байланысты бизнесмендер ет және ет өнімдерін басқа да тауарларды Ресейге экспорттауға мүмкіндік алды. Қазір де Тольяттиге, Самараға 850 тонна ет экспортталып жатыр.

Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысының әкімі:

Мұнай-газ саласында сервистік қызмет 20 пайызға төмендеді. Осыған байланысты өнеркәсіптік өндіріс пен негізгі капиталға инвестициялар көлемі баяулағаны байқалады. Соған қарамастан, биыл оның деңгейін 100 пайыз деңгейінде қамтамасыз етеміз деп болжамдап отырмыз. Оған резервтеріміз бар. 

Шаруаға мығым Бердібек Сапарбаевтың да 800 мың тұрғыны бар Ақтөбе облысына әкім болып барғанына бір аптадай болды. Ширатар шаруаларын жіпке тізген іскер әкімнің Үкіметке өтініші де болды.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:

Бір өтінішім бар. Ақтөбе мен Атыраудың арасындағы салынып жатқан жол ертең Ресей шекарасына шығады. Әсет Өрентайұлына, өтініш. Барлық құжат та дайын. Қыркүйекте тендер өткізіледі. Сол тез өтіп, сол жұмыс биыл басталса.

Жаһанды жан алқымнан алған дағдарыстың ықпалы үлкен, әрине. Энергия тасымалдаушы өнімдердің бағасы күннен-күнге құлдырап жатыр. Одан қалды, көрші Ресейді сансыратқан санкциялар бар. Бірақ, түннен кейін таңның ататыны секілді, дағдарыс та мәңгі тұрмайды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мынау үлкен дағдарысқа келіп тірелдік. Мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ. Біз капиталистік әлемде өмір сүріп жатырмыз.  Бұл жүйеде ұдайы өсім болуы мүмкін емес, өсімнен кейін ылғи да құлдырау болады. Сөйтіп, жаңадан даму басталады.

Бұл дағдарыс бірінші емес біз үшін. Тәжірибе бар. «Жұмыс орындарын қысқартпау керек. Қысқарған жағдайда қарапайым жұмысшыларға «Нұрлы жол» бағдарламасымен уақытша жұмыс ұсынылады» деді Президент.

Ал, әлсіз, бәсекеге қабілетсіз кәсіпорындардың болашағы жоқ екенін Елбасы әкімдерге тағы ескертті. Мемлекет басшысы маңызды бағыт ретінде кен орындарын барлау ісін жандандыруды атады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үлкен мәселе - барлау мәселесі. Біздің кәсіпорындарға жаңа қуат құру керек. Жаңа кен орындарын  жандандыруымыз қажет. Мұнай өндіру бірде көтеріледі, бірде құлдырайды. Тіпті Теңіз бен Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарының өзі 10-15 жылдан соң кен өндірудің ең шырқау шегіне жетеді.

Егер осы уақыт аралығында жаңа кен орындарына барлау жасамасақ, оның салдары ауыр болады. Барлауға ең ірі халықаралық компанияларды тарту керек. Біз білеміз, Каспий теңізі ойпатында  6-7 мың метр тереңдікте әлі барланбаған мұнай қоры бар. 

Мұнай мен газды да тереңдете өңдеу керек. Қараңыз. Мысалы, бізде мұнайды өңдеу тереңдігі – 68 пайыз, Ресейде – 72 пайыз, Еуроодақта – 85 пайыз, АҚШ-та 95 пайыз.  Президент «бұл процеске жаңа технологияларды енгізу керек», деді. Бірақ, одан да маңызды  мәселе бар, ол - сапалы индустриялды жобалар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Зауыт-фабрика деген өндіріс. Соның бәрін халық үшін істеп жатырмыз. Жалақысын алсын, бала-шағасын асырасын, мемлекетке салық төлеп қолдаса деп.

Сондықтан, осыған қатты көңіл бөліңдер. Жұмыс орындарын ашу, халықты жұмыспен қамту бүкіл дүниенің мақсаты болып отыр. Анау жұрт шұбап Еуропаға не үшін бара жатыр? Мемлекеттерінің бәрі быт-шыт болды. Тәртіп жоқ, тәртіп болмаған соң экстремистер, тәртіпсіздер көбейеді.

Жаһанға өз өніміңді өткізу қиын. Нарықта тек сапалы өнімдер ғана өз иесін табады. Сондықтан, Президент «Қазақстанда шығарылған» отандық өнімдерді көбейтуді және сапаға мән беруді тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өндірушілерімізге қолдау көрсеткен жөн. Мысалы, менің қазір кигенім – Қазақстанда тігілген костюм мен туфли. Мен осылайша, біздің жеңіл өнеркәсіпті жарнамалап отырмын.

Кеңесте Президент бүгінгідей күрделі кезеңді тек тыныштық пен татулықтың арқасында өткеретінімізге маңыз берді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз қазақ бір болған кезде, әр уақытта жеңіп отырғанбыз, жерімізді берген жоқпыз. Біздің арамызға іріткі салып бүлдірген кезде, баққа, таққа таласқанда, біз жеңіліп, бодан болғанбыз басқа елге. Сондықтан, бұйырса, бұл қиындықтан да шығамыз, тек бірлік болсын.

Басқасы барлығы бар. Халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетпеуге, зейнеткерлерге, мұғалімдерге еңбекақысын уақытылы беруге қатысты тиісті шараларды қолдана береміз. Ал, егер ел арасына іріткі салатындар болса, жазасын береміз.

Ал, кеңес соңында батыс облыстардың 4 әкімі жеке-жеке Президенттің қабылдауында болды. Тапсырма белгілі - өңір экономикасының екпінін бәсеңдетпеу.

Мейіржан ӘЛІБЕКҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу