Белгілі ғалым, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың пікірінше, үштілділікті біртіндеп енгізген абзал. Баланың бойына алдымен ана тілін сіңіру керек. Ана тілінде ұрпағымыздың санасына ұлтының тарихын, әдебиетін, мәдениетін, әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрі мен ән-күйін құю аса маңызды. Бұл туралы профессор BNews.kz берген сұхбатында әңгімелеп берді.
- Мырзатай Жолдасбекұлы, қазіргі уақытта еліміздің білім саласында біршама реформалар жүріп жатыр. Оның ішінде, әсіресе, үштілділік жүйесі бүгінгі күні қоғамда қызу талқыға түсті. Біреулер үштілділікті заман талабы десе, ал қайсыбіреулер қатты сынға алып отыр. Ал Сіздің пікіріңіз қандай?
- Біз онсыз да екі тілді - қазақ және орыс тілін біліп өсіп жатырмыз ғой. Өзіміз білген тілден бас тартпауымыз керек. Екіншіден, қазіргі заманда ағылшын тілінсіз жастардың болашағы жоқ деп ойлаймын. Бүкіл ақпарат, жаңалық, қазір әлемдік электрондық құралдардың бәрі негізінен орыс және ағылшын тілінде екені рас. Бірақ, бірден баланың бесіктен белі шықпай жатып, мектеп есігін аша салысымен үш тілді оқыту балаға ауыр болады деп есептеймін. Баланы да аяу керек. Ол әлі кішкентай ғой. Оның басына түгел үйіп-төгіп құя бермеу керек, ең керегін бергеніміз жөн. Жалпы, осыдан көп дүрлікпе жасаудың қажеті жоқ. Білім және ғылым министрлігіне жаңа басшы келген сайын өзінің реформасын алып келеді. Реформасын бастап, аяқтаған бір министрді көрген жоқпын. Мен де оқу министрі болдым. Бірақ қалыптасқан жүйені бұзған жоқпын. Шама келгенше кішкене жаңалық енгізуге тырыстық. «Асыққан - сайтанның ісі» дейді ғой халқымыз, сондықтан асықпайық. Онсыз біздің балаларымыз шет тілін білмей қалады деген дұрыс емес.
- Сонда, Сіздің пайымдауыңызша, үштілділікті енгізбесек те, балаларымыз өзге тілді біліп өсе ме?
- Мәселен, Жапонияда 12 жасқа дейін өзге тілді оқытпайды екен. Бірақ өзге тілді оқытпағанымен, жапон балалары осы жасқа дейін басқа тілді білмейді екен деп ойламау керек. Әрбір отбасы, ата-ана өз бетінше балаларды үйретеді. Мәселен, менің өзімнің қыздарым да, немерелерім де қазақ мектебін бітірді. Бесінші сыныптан бастап қана ағылшын тілін меңгерді. Өмірде керек болғаннан кейін оларды жылда демалысқа шыққаннан кейін, тиынымызды санап, қатарынан қалмасын деп шетелге бір айға тіл үйретуге жіберіп отырдық. Қазір мысалы менің тұңғыш немере қызым - Еуразия ұлттық университетінің Халықаралық қатынас факультетінің деканы. Ағылшын, испан, француз, парсы тілдерін біледі. Менің ойымша, «ана елде былай екен, мына елде былай екен» деп көрінгеннің сөзіне ермей, өзіміздің ұрпақты ұлттық дәстүрде тәрбиелеуіміз керек. Өйткені, олар - біздің келешегіміз.
- Демек, ұлттық болмысты тәрбиелеуге, ұрпағымыздың бойына ана тілін сіңіруге көбірек мән беру керек дейсіз ғой...
- Біздің ұрпағымыз кешегі бабалар сияқты өзінің ұлтарақтай жері үшін жанын, қанын қиятындай патриот болсын десек, біз алдымен ұрпағымызға анасының уызымен ана тілін үйретуіміз керек. Ана тілінде баланың санасына ұлтының тарихын, әдебиетін, мәдениетін, әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін , ән-күйін құлағына құюымыз қажет. Күні кеше біздің аналарымыз бесік тербетіп, әлдилеп отырып, баланың құлағына қазақтың керемет жырларын құйған жоқ па?! Егер осылай етсек, болашақ ұрпақ өз Отанының патриоты болады деп ойлаймын. Ал ана тілін білмеген адам Отанын сатады деп айтпаймын. Бірақ, ондайға өте бейім болады. Ондайларға қазір Отан керек жоқ. Ақша керек боп жатыр. Елбасы сеніп, қолына билік берген бірталай адам Отанын тастап, шетелге қашып кетті ғой. Олар тек қашып кеткен жоқ, жас ұрпақтың ауызынан ажыратып, күн көретін қаражатын алып кетті. Солай емес пе?! Қазіргі уақытта қаншама іс жасалып жатыр, соның өзінде мемлекеттік тілді мүлтіксіз біліп шығып жатқан бала өте аз. Мәселен, қазақ тілінде, қазақ мектебінде оқып жүрген балалардың өзі көшеге шыққасын орысша сөйлеп келеді. Ұлтының уызына жарымаған бала ұлтының жанашыры, ұлтының қорғаны болады деп ойлаймаймын. Ол үшін біз ана тілін баланың санасына құйып, қанына, сүйегіне сіңіруіміз керек.