Береке-бірлігі жарасып, несібесін адал еңбектен тапқан әулет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Береке-бірлігі жарасып, несібесін адал еңбектен тапқан әулет

24.12.2014
Береке-бірлігі жарасып, несібесін адал еңбектен тапқан әулет

90-шы жылдары шаруа қожалығын құрған ағайынды жігіттер, бүгінде шаруасын дөңгелетіп, ауылдың 50 шақты адамын жұмыспен қамтуда. 

Абдулла Митаевтің ұлты – шешен. Осы Новонежин ауылында өсіп, ер жетті. Жоғары білім алып, кеңестік шаруашылықта еңбек жолын бастады. 1998 жылы екі інісімен бірігіп шаруа қожалығын құрды. 

Алғашқы жылдары құрғақшылыққа ұрынып, шығынға батқанымен, келер жыл берекелі болды. Өздері де тәжірибе жинақтап, диқаншылықтың қыр-сырын игере бастады.

Абдулла Митаев, шаруашылық жетекшісі:

Ақырындап ел алдында беделіміз өсті. Жұрттың сенімі мен сыйластығына ие болдық. Қазір ұжымымыз тұрақты. Бізде барлығы 50 шақты адам еңбек етсе, соның 40-қа жуығы осы шаруашылықта он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Яғни, ұжым тұрақты.

Евгений Митаев, инженер:

Еңбек етуге жақсы жағдай жасалған. Шеберханамыз бар. Ондағы саймандарымыз да сай. Техника паркі де жаңарып келеді. Жалақымыз ешкімнен кем емес.

Бүгінде егістік жердің көлемі 8 мың гектардан асады. Техника да жеткілікті, талапқа сай. Соңғы жылдары шаруашылық мал өсіруді қолға алды. Қазір мұнда 200-ге жуық ірі қара, сондай көлемде қой-ешкі бар. Алдағы мақсат - түліктің тұқымын асылдандырып, санын көбейту.

Абдулла Матаев, шаруашылық жетекшісі:

Біріншіден, бізді мал өсірумен айналысуға экономикалық жағдай итермелеп отыр. Себебі, 200 сиырды бақтың не, 400 сиырды бақтың не, шығыны бірдей. Екіншіден, мемлекет осы салаға  үлкен қолдау көрсетіп отыр. Малдың санын көбейтуге, асыл тұқымды бұқалар сатып алуға субсидия төленеді. Сондықтан бұл қажетті, пайдалы іс екенін түсіндік.

Қайрат Әбішев, Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары: 

Мемлекет өте көп көңіл бөліп жатыр. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары жүзеге асуда. «Сыбаға» бағдарламасы басталғаннан бері ауданда мыңнан астам мал сатып алынды. Биыл 232 мал алынуы тиіс болса, оның 52-сі сатып алынды. Енді қалғандарының құжаттары дайын, өтініштері бар.

Жасынан адал еңбекке тәрбиеленген Митаевтар, береке мен байлық тек маңдай терімен келеді, деп есептейді.

Сондықтан да, ырыс-несібесін туған топырағынан жиған әулеттің әр мүшесі, келешекке жарқын сеніммен қарайды. 

 

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу