«Бастысы – наныңды адал тап»: 20 жыл аула тазалайтын жан жастарды еңбек етуге шақырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бастысы – наныңды адал тап»: 20 жыл аула тазалайтын жан жастарды еңбек етуге шақырды

20.10.2022

«Еңбегімен ер сыйлы». Алматы облысында жиырма жылдан бері аула тазалаушысы болып жұмыс істейтін Бақытхан Нұрсейіт дәл осындай жан. Талғарлық тұрғын жалақысы аз болса да, жұмысына аса үлкен құрметпен қарайды. Несібесін адал еңбекпен ғана табуға ұмтылған азаматпен әріптесім тілдесіп келді.

Бақытхан Нұрсейіт Талғардың тазалағын 20 жылдан бері сақтап келеді. Таңертең елден ерте тұрып, айналаны күл-қоқыстан тазартуға кірісіп кетеді. "Жұмыстың үлкен-кішісі болмайды, бастысы – наныңды адал табу". Осындай ұстанымы бар азамат бүгінде тұрғындар тазалыққа көбірек мән беретінін айтады.

Бақытхан Нұрсейіт, аула тазалаушы:

Халық бұрынғыдан қарағанда тазалыққа жақсы қарап келе жатыр. Шын адал еңбек етсең, жемісі болады. Ол рас. Қазір бұрынғыға қарағанда Талғардың тазалығы өте жақсы. Осы жерден пенсияға шығамын, аманшылық болса.

Бақытхан ағамен сұқбаттасып тұрғанымызда бірнеше адам онымен амандаса өтті. Оны Талғар халқының көбі таниды. Өйткені, қиындығы мол мұндай жұмыста ондаған жыл үздіксіз еңбек ететіндер некен-саяқ. Көбі кейіпкерімізді ісіне адал, күннің ыстығы мен суығына қарамай, қаланың тазалығын сақтауға шын жаны ашитын адам екенін алға тартты.

Дидар Дауылбаев, Талғар қаласының қоғамдық қызметкері:

Осы Бақытты жалғыз біз емес, бүкіл Талғар, Талғар ауданы таниды. Еңбегі деген мықты ғой. Қазір қай жаққа жіберсеңіз де, сол жаққа барып, жақсы жұмыс істеп, көшесінен, істеген жерлерінің бәрінен алғыс алып келеді.

Бақытын адал еңбектен тапқан Бақытхан Нұрсейіт қызметтің үлкен-кішісі жоқ, бастысы, өз ісіңе шебер болып, жауапкершілікпен, тыңғылықты атқару қажет дейді. Маманның сөзінше, сонда ғана ел алдында сый-құрметке де ие боласың.

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу