Батыс Қазақстан облысында ауызсу мәселесі шешімін тауып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында ауызсу мәселесі шешімін тауып келеді

03.10.2014
Батыс Қазақстан облысында ауызсу мәселесі шешімін тауып келеді

Батыс Қазақстан облысы халқының 80 пайыздан астамы ауызсумен қамтылған. Қазір өңірде «Ақбұлақ-2020» бағдарламасы кең көлемде іске асырылуда.  Биыл тоғыз елді мекенді ауыз сумен қамтуға 1 миллиард теңге жұмсалды. Сондай- ақ, екі ірі ауданның орталығында су құбырын тарту жұмыстары қолға алынған.

Теректі ауданының орталығы Федоровка ауылында 5 мыңнан астам адам тұрады. Қазір тұрғындар ауызсуды көшедегі колонкалардан алады. Мұндағы басты түйткіл - судың көп ысырап болатыны. Осы ретте ауыл халқы үшін «Ақбұлақ» жақсы жаңалық болды. Үйді-үйге су кіргізетініне әсіресе, ауылдағы қариялар қуанышты.

Су құбырларын тарту сәуірде басталып, бір жылдың ішінде толық аяқталады. Ауызсумен қамту Жайық суын тазарту арқылы іске асырылады. Бұл үшін бюджеттен 413 миллион теңге бөлінді. Осы жұмыстың  нәтижесінде 1500-ге жуық баспана мен 11 әлеуметтік нысан таза суды тұтынуға мүмкіндік алады.

Ал, Ақжайық ауданының Алмалы ауылына ауызсу жеті жыл бұрын жетті. Әйтсе де соңғы жылдары күнделікті берілетін су көлемі кеміп кеткен. Бұл су ұңғымасының ішінара бітелуіне байланысты болып отыр, дейді мамандар.

Осыған байланысты ауылға су белгілі бір уақытта жіберіледі. Әзірге тұрғындар тіршілік нәрінен тарықпаса да тұрмыстық судан мұқтаждық көріп отырған жайы бар.

Рауан ДИӘЛИ

 

 

Хабарламаларға жазылу