Ақтөбеде үш мұрағат бір нысанға шоғырланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде үш мұрағат бір нысанға шоғырланған

28.07.2014
Ақтөбеде  үш мұрағат бір нысанға шоғырланған

Ақтөбеде  үш мұрағат бір ғимаратқа шоғырланған. Мұнда өңірдің ғасырдан аса тарихы  қағаз жүзінде жинақталған. 3 қор бар. Сақтау талабы  белгіленген ережеге сай емес.

Өйткені, сөре тапшы, бөлме тар. Қазір мұнда құжат қабылдау шектелді. Ал, мұрағат мамандарының жаңа ғимарат қажет, деп  дабыл қаққанына  осымен 4-ші жыл.

Мұрағат - тарих айнасы. Мұнда өңірдің қалыптасуы мен дамуына қатысты құнды дүниелер сақтаулы. 1865 жылғы шіркеу кітаптары - ең ескі құжаттардың бірі. Жылына 4 мыңнан аса адам мәлімет алып, ғылыми жұмыстарға жаратуда.

Сағыныш Төремұратова, Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағат қызметкері:

Отандық өлкетанушылар ғана емес, шетелден де жұмыс істейтін зерттеушілер көп. Мысалы, Германиядан, Жапониядан, Ресейден, Украинадан келеді.

Мұрағатта 685 мың сақтау бірлігі бар. Бұл бекітілген мөлшерден асып кеткен. Өйткені, облыстық мұрағат, бұрынғы Ақтөбе қалалық және облыстық партия мұрағаттарының құжаттары бір жерде жинақталған. Қор толық. Иін тірестіріп сақтау да оңай емес.

Нұржамал Құлбаева, Ақтөбе облыстық мемлекеттік мұрағат директоры:

Қойманың ішінде температура 17-19-дан, ылғалдылық 55-тен аспау керек. Бізде  вентиляция болмаған  соң ыстық болады. Бірақ, біз құжаттардың, қораптардың шаңдарын сүртіп,  жұмыс жүргіземіз.

Орын  аз, ғимарат тар. Соның салдарынан соңғы 4 жылда жеке құжаттар қабылданбайды. Жабылған мекеме құжаттары ғана алынуда.

Сондықтан, мамандар «қалалық мұрағатқа  жеке ғимарат қажет», деп өтініш жасағалы көп болды. 

Гүлназ Терекова, Ақтөбе облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттар басқармасының бөлім басшысы:

Өте қиын мәселе. Қазір барлық ғимараттар жекешелендірілген. Соған байланысты қазір шешу қиын.

Өңірде 10 аудандық мұрағат жұмыс істейді. Дені, жалға алған ғимаратта орналасқан. Арнайы нысандар салу ойда жоқ. Ал, облыс орталығындағы бір шаңырақтағы екі мұрағатқа ғимарат қарастырылуда. Қашан жүзеге асары белгісіз.

«Бүгінгі құжат- ертеңгі тарихи дүние. Оны сақтауға орын табылмаса, тарихқа жасалған қиянат»,  дейді мамандар.

Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу