Сабина Алтынбекова жарысқа аттанып жұлдыз атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сабина Алтынбекова жарысқа аттанып жұлдыз атанды

24.07.2014
Сабина Алтынбекова жарысқа аттанып жұлдыз атанды

Қазақтың арулары сұлулығымен талай жұрттың таңдайын қақтырған. Бұл жолы Сәбина Алтынбекова есімді отандасымыз миллиардтан аса халқы бар қытайлықтардың жүрегін жаулады.

Ол - волейболдан Қазақстан құрамасының ойыншысы. Бүгінде қытайлықтар оны ең сұлу волейболшы, деп танып отыр.

Соңғы екі-үш күнде Қытайдың БАҚ өкілдері ең әдемі волейболшы қыз туралы жарыса жазуда. Он жеті жастағы қандасымыз Сәбина Алтынбекованың аты миллиардқа танылды десек болады. 

Бүгінде Тайваньдағы Азия чемпионатына қатысып жатқан Қазақстан құрамасының ойынын тамашалауға арнайы келушілер көп. Себебі,  онда Сәбина ойнайды.

Дин Юанкэн, тележүргізуші:

Сіздер волейболды тамашалағанды онша ұнатпайтын шығарсыздар. Бірақ, сұлу волейболшы қыздарды көруге асық екеніңізді білемін. Ендеше, алдарыңызда ең сұлу, сымбатты құрама – Қазақстан.

Қытайдың ең көп қаралатын сайттарын ақтарсаңыз,  бас бетінде Сәбинаның суретін табасыз. Бәрінде  көркем келбеті мен сымбатты тұлғасы сипатталған. 

Қалың жұрт қазақ қызына сан мақтаулар айтып, ғашықтық сезімдерін жеткізіп жатыр. Сәбинаның «Іnstagram» әлеуметтік желісіндегі оқырмандары үш күн ішінде 300 адамнан 150 мың адамға дейін жеткен. Бұл - біздің еліміздегі эстрада жұлдыздарының көрсеткішінен әлдеқайда жоғары.

Сәбина Алтынбекова, Қазақстан құрамасының волейболшысы:

Мен өз-өзіме сенер емеспін. Түсім секілді. Осындай қолдау көрсетіп жатқан Тайвань, Қытай халқына алғысым шексіз.

Қытайлар Сәбинаның  тек көркіне емес, сымбатты мүсініне де қызығады. Оның бойы 1 метр 80 сантиметр болса, аяғының ұзындығы 1, 20 метр екен.

Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу