Қызылорда облысында қызылмия шөбі аяусыз оталуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында қызылмия шөбі аяусыз оталуда

23.07.2014
Қызылорда облысында қызылмия шөбі аяусыз оталуда

Қызылордада қызылмия шөбі аяусыз оталып жатыр. Бұл өсімдік түрінің емдік қасиеті аса жоғары болғандықтан,  фармацевтика саласында ерекше сұранысқа ие.

Шиелі ауданындағы бірнеше ауылдың тұрғындары қызылмияны алыпсатарларға өткізуді күнделікті кәсібіне айналдырған.

Бұл бір жағынан өңірдің онсыз да мәз емес экологиялық ахуалына орасан зиян, екінші жағынан өзіміздің дәрі жасау саламыз  пайдалы шикізатсыз қалатын түрі бар.

Гиппократ «алтын тамыр» атаған қызылмияның емдік қасиеті осыдан  5 мың жыл бұрын белгілі болған. Тибеттіктер онымен құрт ауруын емдеген. 

Тамыры дәруменге толы шөп - жүрек, өт жолдары, асқазан дертіне шипа. Әлемдік фармацевтикада мия тамыры иммунитет көтеретін дәрілер жасауда пайдаланылады. Сондықтан, оған қызығушылар Қызылордада да баршылық.

Шиелі ауданындағы бірнеше ауылдың тұрғындары қызылмияны табыс көзіне айналдырғандарға жалданып, шипалы шөптің тамырына балта шабуда. Өйткені, жұмыссыз жандар үшін бұл - жалғыз күнкөріс көзі.

Орынкүл Нұрмаханова, Бала би ауылының тұрғыны:

Таңертең  көліктпен сыртқа кетеді. Ол жерде үлкен апалар да, келіншектер бар, балалар да тереді. Күнделікті тергеніне қарай ақшасын алады.

«Қызыл кітапқа» енбесе де, қызылмияны жұлу - заңға қайшы. Өйткені, ол дәрілік өсімдіктер қатарында. Сондықтан, оны арнайы рұқсаты барлар ғана келісіне жергілікті билік бекіткен 200 теңгені төлеп тере алады.

Өнім еліміздегі мия өңдейтін зауыттарға жіберіледі. Ал, заңсыз топырақ қопарғандар шикізаттың келісін алыпсатарларға 10 теңгеден өткізеді. Оның қайда жіберілетіні белгісіз.

Халық ұрлық жолмен алынған мия тамыры Қытайға жөнелтіледі, дейді. Ал, тұрғындар қолға түскен жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын білсе де, табиғатқа қиянат жасауды қоймай отыр.

Темірбек Нарымбетов, Бала би ауылының әкімі:

Қайда жұмыс істеп жатқанын анықтаймыз. Халыққа заңсыз әрекет екенін түсіндіріп отырамыз.  

Осыдан 40 жыл бұрын елімізде 50 мың гектар аумақта 100 мың тоннадан аса қызылмия өссе, 90-шы жылдары оның көлемі 70 мың тоннаға дейiн азайған.

Қазір өсімдіктің мөлшерін анықтау қиын болып тұр. Мамандардың айтуынша, олар мемлекеттік орман қорына тиесілі алқаптарды ғана тексеруге құқылы.

Ұзақ мерзімге жалға алынған жерді бақылау мүмкін емес. Содан болса керек, көк қағазға құныққандар білгенін істеп, құнды шөптің тамыры үшін өсімдікті көктей солдырады.

Трактормен жыртылған жердің қалыпқа келіп, мияның қайтадан өсіп шығуы үшін кем дегенде 5-6 жыл қажет. Табиғат жанашырлары қызылмияға қырғидай тигендердің ашкөздігі онсыз да экологиялық ахуалы ауыр облыстың шөпті алқаптарын солдырып, топырағын сорға айналдырып отыр, дейді. 

Айбек Жолаханов, облыстық Орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының маманы: 

Бұл жердің құнарлы қабатының эрозияға ұшырауына әкеліп соқтырады. Нақты айтқанда, сол жердегі топырақтың беткі қабатындағы өсімдіктерге қажетті  минералдардың ұшып, жердің сорға айналуына әкелуі мүмкін. Басқа да өсімдіктердің жойылуына әкеліп соқтырады. Қоршаған ортаға үлкен зиянын тигізеді.

Қолда бар «алтынды» қыр асырмай, игілікке жарату мақсатында аймақта мия тамырын өңдейтін зауыт салынуда.

Отандық фармацевтиканың дамуына себеп болатын өндіріс орны шикізатсыз қалмас үшін браконьерлерге қазірден тосқауыл қою қажет.

Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу