Бұрынғы вице-министр Саят Шаяхметов тағылған айыпты мойындамады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұрынғы вице-министр Саят Шаяхметов тағылған айыпты мойындамады

16.07.2014
Бұрынғы вице-министр Саят Шаяхметов тағылған айыпты мойындамады

«Тағылған айыпты толық мойындамаймын». Бұрынғы Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов Астана қаласы №2 Алматы аудандық сотында осылай деді.

Осы іске қатысты мемлекет қаржысын жымқырды деп танылған өзге айыпталушылар да өздерін кінәлі санамайды.

Сот отырысына жиналғандардың дені - журналистер. Таспагерлер істі болғандар мен судьяның әр сөзіне құлақ түріп отыр.

Айыпталушы тараптың үш қорғаушысы «отырысқа тілшілер қауымы кедергі келтіреді», деп азар да безер болды. Олар судьяға тілшілер қатыспасын, деп те өтініш білдірді.

Ал, бас айыпкер Саят Шаяхметовтің қорғаушысы Нұрлан Бейсекеев керісінше, «отырыс БАҚ үшін ашық өтсін», деді.

Нұрлан Бейсекеев, С.Шаяхметовтің қорғаушысы:

БАҚ өкілдерінің қатысуы - белгілі бір жағдайда қажеттілік. Сондықтан, мен әріптестерімнің пікіріне қосыла алмаймын. Қоғам бұл іс туралы мұқият білуі керек. Айыпталушы ретінде танылған тұлғалар шын мәнінде кінәлі ме, қылмыс құрамы бар ма, қандай айғақтар ұсынылған? Осыған орай, мен БАҚ өкілдерінің сот ісінің барысына толығымен қатысқанын сұраймын.

Өткен жылы сәуірде Қаржы полициясы Өскемен қаласындағы 700 оқушыға арналған білім мекемесінің құрылысы кезінде 1,5 миллиард теңгеге жуық бюджет қаражатын иемдену және талан-таражға салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Сөйтіп, былтырғы жылдың мамырында аталған қылмысты жасауға күдікті ретінде сол кездегі Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов пен «ҚР салынып жатқан білім және ғылым нысандары дирекциясы» ЖШС бас директоры Александр Пак ұсталған еді.

Бұған қоса «ЗАК Сервис» ЖШС бұрынғы бас директоры Роман Киреевке де айып тағылып, қамауға алынды.

Сәуле Сыдықова, прокурор:

2010 жылдың желтоқсан айынан 2012 жылдың желтоқсан айына дейін Білім және ғылым министрлігінен түскен  ақша аталған мекеменің шоты арқылы талан-таражға салынған. Сөйтіп,  Білім министрлігіне 1 миллиард  154 миллион 618 мың 819 теңге шығын келген. Яғни, Саят Шаяхметов, Александр Пак, Роман Киреев, Алексей Тотубалин Қылмыстық Кодекстің 176-бабы 4-тармағының «Б» пункты бойынша  қызметтік бабын асыра пайдаланғаны үшін айыпталып отыр.

Бірақ, айыпталушылардың бірде-бірі мұны мойындамады.

Саят Шаяхметов, айыпталушы: 

Тағылған айыпты толық көлемде мойындамаймын.

Қорғаушылардың айтуынша, қылмыстық іс қозғалған уақытта құрылысты салу туралы келісімшарттың мерзімі бітпеген.

 Ол құжат 2013 жылдың 31-желтоқсанына дейін жарамды. Бүгін адвокаттар да тағылған айыптарды жоққа шығарып, дәйектерді сотқа ұсынды. Ендігі сот отырысы 23-шілдеге жоспарланды.

Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу