«Нұр-Ақтөбе» мөлтек ауданындағы 100-ге жуық пәтерді су шайып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр-Ақтөбе» мөлтек ауданындағы 100-ге жуық пәтерді су шайып кетті

11.07.2014
«Нұр-Ақтөбе» мөлтек ауданындағы 100-ге жуық пәтерді су шайып кетті

Ақтөбедегі «Нұр-Ақтөбе» мөлтек ауданының тұрғындары түні  бойы жауын суымен алысты.

Жарты сағат жауған жаңбыр 100-ге жуық пәтерді шайып кетті. 9-шы қабаттан кеткен су жертөлеге дейін жеткен.

Тұрғындардың мұнда қоныстанғанына жыл болған жоқ. Бұған дейін олар құрылыстың сапасыз екенін айтып, біздің арна арқылы мұңдарын шаққан болатын.

Елбасының өзі Ақтөбеге сапары кезінде жаңа бой көтерген мөлтек ауданды, «қала емес, ауыл», деп сынға алған.

9-шы қабатта тұратын Манаштың 8 жылға несиеге алған пәтері астан-кестең болды. Түні бойы тобықтан аса су кешіп, дүниелерін сыртқа шығарды. Қабырғалары жарылып, сылақтары түсіп жатыр.

Манаш Ыбыраева, қала тұрғыны:

Жүрегім тоқтап қала жаздады. Жаңбыр тоқтағанша, ешқандай көмек болған жоқ. Көршінің үйіне барып қондық. Сонда бізге мына үйді не үшін тапсырды?

Үй төбесіндегі суағар жүйесі атүсті салынған. Дұрыс бекітілмеген тұрбалар қатты су қысымын көтермей, жарылып кеткен. Жауын суы техникалық қабатқа лық толып, әр саңылаумен пәтерлерге ақты.

Анар Нақупова, қала тұрғыны:

Барлық жерді су алып кетті. Бала-шағамызбен төменге қаштық.

Ержан Берекетов, қала тұрғыны:

Қиналғаннан төтенше жағдайлар қызметіне, әкімдікке қоңырау шалдық. Барлық құзіретті органдарға звондадық. Ешқайсысынан көмек болмады. Осы үйді салған прорабқа звондадық. Ол кісі «Суға кетіп жатсаңдар, аяқтарыңа су етік киіп жүріңдер», деді.

Құрылысқа жауапты мамандар техникалық қабатты қалыпқа келтірмекші. Бірақ, кеш. Тұрғындар бірнеше рет апаттың алдын алуды ескерткен еді. Тыңдар құлақ болмады. Енді, жергілікті билік қолын мезгілінен кеш сермеп отыр.

Геннадий Дудаков, Ақтөбе қаласы әкімінің құрылыс жөніндегі  кеңесшісі:

Пәтерлерді қалыпқа келтіру шараларын жедел қолға аламыз. Мердігерге тапсырма берілді. Жауыннан зардап шеккен әр пәтердегі материалдық шығынды есептейміз және өтейміз. Көмек көрсетеміз.

Әлия Таласова, тілші: 

Жауын суына қабырға мен төбе ғана емес, үй маңына төселген тасжол да шыдамады. Әр жерден опырылып түсіп, жер астына жиналған су жертөлеге кетіп жатыр.

Қабырға мен жертөленің әзір кебетін сыңайы жоқ. Тұрғындар билік өкілдерінің уәдесіне де сенімсіз. Сондықтан, құрылыс компаниясы мен үйді қабылдап алған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жергілікті филиалын сотқа бермекші.

Әлия ТАЛАСОВА

 

Хабарламаларға жазылу