Дипломат қызметі құрметке лайық - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дипломат қызметі құрметке лайық

03.07.2014
Дипломат қызметі құрметке лайық

Дипломатия қызметіне өмірін арнаған азаматтардың бірі - Қайыр Омаров. Ол дипломатиялық қызметті кешегі КСРО кезінде бастап, тәуелсіздік жылдарында сәтті жалғастырды.

Қайыр Омаров дипломат боламын деп ойлаған жоқ.  Бірақ оның бала күнінен бойын кернеген туған жерге, халыққа деген перзенттік сезім осы мамандықты таңдауына түрткі болды.

Қайыр Омаров, ҚР Дипломатия қызметіне еңбек сіңірген қызметкер: 

Кейбір нышандары мектепте жүргенде басталды деп ойлаймын. Орыс тілінен «советский союз в борьбе за мир» деген  еркін тақырыпта шығарма жазып едім, сол дипломатияға әкелген болуы керек.

Мектеп қабырғасынан қалыптасқан алғырлық Қайыр Омаровты  кәсіби дипломат атандырды. Экономика мамандығын меңгерген ол 1967 жылы Ресейдегі дипломаттар академиясынан тәлім алады.

1970 жылы Моңғолияда екінші хатшылық тізгінін алып, Азия бағытындағы сыртқы саясат пен қарым-қатынасты арттырды. Экономика, мәдениет пен ақпарат үштігінде жүйелі жұмыс жүргізді.

Баян-Өлгийді қоныстанған қандастарымызға арнап, туған ел туралы ақпарат тарататын теле-радио арнасын  іске қосты. Дипломаттың  парасатты ісі кейінгі буынға өнеге.

Қайыр Омаров, ҚР дипломатия қызметіне еңбек сіңірген қызметкер:

Еліміздің сыртқы саясаты шаршамай талмай бастаған қалпынан әрі қарай дамып, қарқынды болуын тілейміз ол үшін жаңа кадрларды толтыруы керек. Шетел тілін меңгерген жаһандану кезіндегі қарым-қатынас мәселелерімен шұғылдануды білетін адамдармен жасақталғаны дұрыс деп есептейміз.

Жауапкершілігі мол дипломатиялық қызметтің жүгін абыроймен арқалап, өз мемлекетін өзге елге танытуда қажырлы қызмет еткен  Қайыр Омаровтың еңбегі еленді. Жыл басында «Құрмет» орденімен марапатталды. 

Дипломатия саласының ардагері Роза есімді қосағымен бірге екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

 

Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу