Құрметке лайық жандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрметке лайық жандар

04.10.2019

Ел болашағы жастарды сапалы біліммен сусындатып, олардың бойына ізгі қасиеттерді сіңіріп жүрген мұғалімдер әрдайым құрметке лайық. Сондай ұлағатты ұстаздардың бірі-Еркін Макенов. Білікті педагог Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жемісті еңбек етіп жүр.  

Пән мұғалімі оқушыларға жаңа тақырыпты түсіндіруде. Еркін Макенов 9 бірдей тәжірибелік жұмысты көрсетті. Ол күрделі тақырыпты осылайша оқушыларға жеңіл әрі, түсінікті етіп жеткізеді. Теорияны практикамен іс жүзінде ұштастыру Еркін Макеновтың өзіндік білім беру тәсілі. 

Аймұрат Жеткізгенов,11-сынып оқушысы:

Сабақтары кәдімгі сабақ сияқты емес, қызықты, өзінің форматында өтеді. Әртүрлі өміріндегі қызықты оқиғаларды физикамен байланыстырып түсіндіреді. Бізді оқушы ретінде ғана емес, адам ретінде де түсіне біледі. 

Еркін Макенов 12 жылдан бері білім беру саласында еңбек етеді. Мамандығы бойынша мұнайгаз ұңғымаларын зерттеумен де айналысады. Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істегінене 3 жыл болды. Ұстаз «Зерделі шәкірт тәрбиелеп, білгеніммен бөлісу, адамдық парызым»- деп санайды.  

Еркін Макенов, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі:

Әр адам өмірде із қалдыруы керек деп санаймын. Симфония жазу, әйгілі картина салу немесе ғылыми жаңалық ашу қолымнан келген жоқ. Бірақ, бар білгенімді ондаған, жүздеген шәкіртке үйреттім. Ұстаз болу - мен үшін мәртебелі іс.

Білікті маман мектептегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Әріптестері оны сабырлы, өз жұмысына жауапты маман ретінде таниды.  

Қамбар Қадыров, Е.Макеновтың әріптесі:

Әріптес ретінде ол кісімен жұмыстас болғаныма өте қуанышытымын. Себебі ол кісі өте шығармашыл адам. Қазіргі кезде оқуышылардың кейбір ғылыми жобаларын жүзеге асырып жатыр. Көбірек жұмыстанғанды жақсы көреді, білгенімен бөлісуге талпынады.

Тілші: Ұстаздың өмірлік тәжірибесі де, білім саласындағы жетістігі де мол. Оның басшылығымен жасалған шағын су сарқырамасы бүгінде мектепке ерекше көрік беріп тұр. Ал, құрастырған ракеталары білім ордасының бағдарламасына енген. 

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу