Ақылы жолдар саны артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақылы жолдар саны артады

01.07.2014
Ақылы жолдар саны артады

Астана-Щучье ақылы автожолының тарифтері бүгіннен бастап өседі.  Алайда, бұл өзгерістер тек жүк көліктеріне қатысты. Көлік және коммуникациялар министрлігінің айтуынша, 2022 жылға қарай еліміздегі 7,5 мың шақырым жол ақылы болады. Осылайша республикалық жолдардан түскен қаржы оларда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге толық жететін болады,-дейді мамандар.

Тарифтер көліктің тек 15 тоннадан жоғары жүк таситын түрлері үшін ғана қымбаттайды. Бұрын Астанадан Щучьеге жету үшін 4200 теңге төлесе, бүгіннен бастап 5200 теңге.

Былтыр осындай төлемдерден қазынаға 800 миллион теңгеден астам қаржы түскен. Келесі жылы тас жол өзін-өзі толық қамтамасыз ететін дәрежеге жетпек. Жалпы, ұлан байтақ елімізде  республикалық маңызы бар 23 мың шақырым тасжол бар.

2022 жылы оның 7,5 мың шақырымнан астамы ақылы түрге көшеді, яғни, түскен қаржыдан өз жыртығын өзі жамайды. Тас жолдың  екі түрі бар. 4 немесе 6 жолақты, ортасы арнайы бөлінген. Бұл – бірінші санаттағы жол. Екі жолақтысы, екінші санаттағы, деп саналады. Жүк көліктері тас жолдың қай түрі болса да ақша төлейді. Ал жеңіл автокөліктер тек бірінші санаттағы жолға төлейді.

Жеңіс Қасымбек,  ҚР Көлік және коммуникациялар министрі:

Келесі жылдың қаңтарынан бастап, Қызылорда мен Шымкент, Атбасар мен Астана аралығы ақылы болады.

Оңтүстікте халық көп, яғни, жүйткіген жолаушы да аз емес. Тарифтер бағасы әзірге  шақырымына 1 теңге. Көп те емес, аз да емес. Бірақ заман өтеді, тариф өспей ме?

Николай Ширяев, автокөлік жүргізушісі:

Жолдың сапасы жақсы, бәрі де тамаша. Айналып келгенде Үкімет мұны халықтың ақшасына салды. Сондықтан, тегін болмаса да, тариф шарықтап кетпесе болды.

Ұлан Әліпов, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:

Мен енді 100 пайыз өзгермейді деп айта алмаймын. Бірақ, өзгертпеуге тырысамыз.

Қазір басқа да автожолдарды ақылы қылу үшін түріктің Vendeka компаниясымен келісімге қол жетті. Олар ақша алу аппараттарын орнатады. Салған инвестицияларын жолаушылардан түскен қаржыдан қайтарады. Мамандар одан артылған ақша ауыл-аймақтың жолын жөндеуге жұмсалды, деп отыр.

Ұлан Әліпов, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі, Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:

Сол 7,5 мың ақылы жолдан түскен қаражатты жолды күтіп ұстауға жұмсаймыз. Сонда біз бюджеттің 41 миллиард теңгесіне үнемдейміз. Ол 41 миллиардты ауылдың жолдарына, басқа жолдарға жұмсауымызға болады.

Ақылы жүйені бастан-аяқ реттеп отыру үшін министрлік жанынан «ҚазАвтожол» Ұлттық компаниясы құрылған. Бұдан бөлек, жолдың жай-күйін қадағалап, қар судан тазалап, тиісті жерге жол белгілерін іліп отыратын  «Казахавтодор» мекемесі тағы бар.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу