Бүгін - Еңбекті қорғау күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - Еңбекті қорғау күні

28.04.2014
Бүгін - Еңбекті қорғау күні
Дәл қазір еңбеккерлердің құқығы қорғалып жүр деп айту қиындау. Себебі, өндірісте жарақат алатындар саны күн санап артып келеді. 
 
Мәселен, осы жылдың басынан бері өндірісте 400-ден астам адам жарақат алса, 70 жұмыскер қаза болған. Мұндай жағдай әсіресе, құрылыста көп кездеседі. Ол жерде көбіне қауіпсіздік шаралары сақталмайды.
 
Мұратбектің Астанадағы травматология институтында жатқанына 10 күннен асты. Үй-ішін асырау үшін Павлодардан Елордаға келіп жұмыс істеп жатқан жігіт аяқ астынан ауруханадан бір-ақ шықты.
 
Мұратбек Байұзақ, Павлодар облысы Майқайың аулының тұрғыны:
Шатырды жөндеу үшін төбеге шыққанбыз. Мен тұрған жер сынып, ортасына түсіп кетті. Қолым екі жерден сынды. 
 
Мұндай оқиғалар күн санап артып келеді. Өткен аптада Астанадағы «Көркем» тұрғын үй кешені құрылысында 18 жұмысшы биіктен құлады. Қазір құрылыс тоқтап тұр.
 
Төлеген Оспанқұлов, Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары: 
Еңбек заңдылықтарын өрескел бұзған. Кемшіліктер жойылмай, ол мекеменің жұмысы басталмайды. 
 
Елімізде 1 миллион 800 мың жұмыскердің 400 мыңға жуығы, яғни,  әрбір бесінші жұмысшы қауіпті әрі зиянды жерлерде еңбек етеді. Өндірістік жарақаттанудың ең жоғарғы көрсеткіштері құрылыста болады. 17,5 пайыз.
 
Тау-кен, металлургия саласында - 15,6 пайыз, ауыл шаруашылығы саласы кәсіпорындарында - 7,6, мұнай-газ өнеркәсібінде - 5,7 пайыз. Өткен жылы өндіріс саласында 2 мыңнан астам адам жарақат алса, 301 адам қаза болған.
 
Бұл - 2012 жылмен салыстырғанда, 10 пайызға көп. Ал, биыл айналдырған 4 айдың ішінде 400-ден астам адам зардап шегіп, 70 жұмыскер қаза тапты.
 
«Егер өндіріс немесе құрылыс орындарында кәсіподақ ұйымы болса, мұндай жағдайлардың азаюына ықпал етер еді», дейді мамандар. Тек компания басшылары өздерінде кәсіподақ ұйымын құруға құлықсыз.
 
Әбілғазы Құсайынов, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы: 
 Жауапкершіліктен қашады, міндетті алғылары келмейді. Кәсіподақтар құрылуы керек. Сонда бақылау болады.
 
Еңбек заңына сәйкес, талаптарды орындамаған компания өкілдері жауапқа тартылады. Өткен жылы 700 мың қызметкер жұмыс берушіден өтемақы өндіріп алған. Жұмыс берушілердің осы мақсатта жұмсаған шығыны 90 миллиард теңгеге жуықтайды. Осындай шара «Көркем» тұрғын үй кешенін тұрғызушыларға да қолданылмақ.
 
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу