Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында жасы жүзден асқан қос қария тұрады. Нұрқия Жақсыбаева және Гүлсім Салқынбаева Ақсуат ауылында туып өскен. Екеуі де өмірдің талай қиындығын көрген, елі үшін толассыз тер төгіп жемісті еңбек еткен жандар. Бүгінде, бейнеттерінің зейнетін көріп, немере-шөберелерінің шаттығына бөленіп отыр.
Шөпшегінің шашын тарап, ән айтып отырған ақ жаулықты әже Ақсуат ауылының ең қарт тұрғыны. Нұрқия Жақсыбаева 114 жаста. Сүйегі асыл кейуана жастайынан қара жұмысқа араласқан. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қиын күндер де әлі жадында.
Нұрқия Жақсыбаева, 114 жастағы әже:
Қара жердің қыртысын қақ айырып, жер қашадық. Аяқ киім жоқ, сиырдың терісінен шоқай жасап береді.Ол, ек-үш қашаған соң, табаны түсіп қалады.
Кейуана 12 құрсақ көтерген. Үлкен балаларының алды қазір 81-ге, ал кенжесі 57-жасқа келген. Қос ғасырға куә болған қарияның 53 немересі, 103 шөбере, 14 шөпшек және 10 неменесі бар. Бүгінде солардың шаттығына бөленіп, елдің есендігін тілеп отыр.
Ал 102 жастағы Гүлсім Салқынбаева әжей тігін машинасымен киім тігіп, құрақ құрауы әлі күнге дейін ермек етіп келеді. Кеше ғана тұлымы желбіреген бойжеткен едік, бүгін міне ақ жаулықты қарияға айналдық, -деп кеиуана рахаттана күледі. Өмірдің қас қағым сәтте өте шығатынын жас кезінде естіген өлең жолдарымен өрнектей жеткізді.
Парасаттылық пен имандылықтың айнасына айналған қария жайнамазын 13 жасынан бері тастамаған. Жастайынан сабақты инесі де жанында. Тігіншілікті кәсіп қана емес өнер деп түсінеді. Таяуда, өзіне тағы бір жаңа көйлек тігіп алыпты.
Гүлсім Салқынбаева, 102 жастағы әже:
Өткенде, жұмсақ қой деп, тігіп, киіп алдым. Балаларға инені сабақтатып аламын. Сөйтіп отырмыз, менің жасыма келіңдер.
Гүлсім әжей 7 баланы дүниеге әкелген. Бүгінде солардан 23 немере, 27 шөбере және 5 шөпшек көріп отыр. Ұрпақтарына ақ батасын беріп, ақылын айтудан жалыққан емес.
Берік КӨШЕРБАЕВ