Шідерті аумағына су жіберіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шідерті аумағына су жіберіледі

16.04.2014
Шідерті аумағына су жіберіледі

Павлодар облысы аумағына Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су қоймасынан биыл 6,25 текше шақырым су жіберіледі. Бұл Қаныш Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды су арнасы бойындағы Екібастұз, Ақсу, Ақтоғай аудандары мен шекаралас Ақмола облысының елді мекендерін түгелдей қамтиды.

 
Мал жайылымдары мен шабындықтарды суландыру мақсатында жасалып отырған шараның шапағаты мол әрі экологиялық тұрғыдан да пайдалы.
 
Асанқайғы бабамыз «Шідертінің шөбі - май, Өлеңтінің - суы май», деп өлеңдеткен аймақ - осы. Шідерті өзені аумағында тартылып қалған 5-6 көл бар. 200 мың гектарға жуық жер сорға айнала бастады. Тұрғындар мал-жанға жайлы жер іздеп, басқа жаққа қоныс аударды.
 
Осыны ескере келе 2005 жылы мемлекет тарапынан Бұқтырма су қоймасы арқылы алқаптарды суландыру қолға алынды.
 
Нұртай Каменов, «Ұлы Ертіс» су қорын пайдаланушылар қауымдастығы төрағасының орынбасары:
Қоршаған орта тұтастай зиян шекті. Құстар жоғалып, балықтар қырылды. Тек су беріле бастаған соң Шідерті, Өлеңті аумақтарында экологиялық жағдай түзеліп келе жатыр.
 
Мемлекет тарапынан бекітілген бағдарламаға сәйкес, биыл алқаптарға 6 текше шақырымнан аса су жіберіледі. Жайылған судың бағытын реттеу үшін бірнеше бақылау бекеттері құрылды.     
 
Әлібек Несіпбеков, Павлодар облысы Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының жетекшісі:
18 күн бойы су толығымен берілетін болады. Ауылшаруашылығына экологиялық жағынан үлкен әсерін тигізеді.
 
Мол судың баруы малдың жем-азығы мен қатар, жерасты су көздерінің тазаруына да ықпал етеді.
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу